Үміткерлер тізімі – Қазақстандағы президент сайлауына кімдер түседі
Бүгін, яғни 11 қазанда Қазақстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну уақыты аяқталды. Осы ретте қандай ұйымдардың атынан кімдер президент болғысы келетінін, Орталық сайлау комиссиясындағы тіркеуден кімдер өткенін шолып шығайық.
Әуелі Жигули Дайрабаев президенттікке алғашқы үміткер атанды. Ол «Ауыл» партиясынан ұсынылып отыр. Жигули Дайрабаев – «Атамекен» ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы әрі Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы. 68 жаста.
Жигули Дайрабаев
9 қазанда Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат Жигули Дайрабаевтың талаптарға сай келетінін жария етті.
6 қазанда саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің халықтық коалициясы 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Азаматтық белсенділер мен қоғам өкілдері «Тоқаев реформалары үшін» қозғалысын құру туралы бастама көтерді. Басталған сайлау науқаны кезінде бірнеше республикалық қоғамдық бірлестіктер бірден қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты алдағы сайлауға кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдады.
Тоқаевтан кейін президенттікке үміткер болып 65 жастағы Нұрлан Әуесбаев құжаттарын тапсырды. Оны Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) ұсынды.
Нұрлан Әуесбаев
Емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы Нұрлан Әуесбаевтың мемлекеттік тілді жетік меңгергендігі туралы бірауыздан шешім қабылдады. 10 қазанда ОСК Нұрлан Әуесбаевтың президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптарға сай екенін хабарлады.
Тіркелмеген «Ынтымақ» партиясының жетекшісі Мейрам Қажыкен қыркүйектің 28-і күні «Қазақстан кәсіподақтары достастығы» «Аманат» РПП орталық атқару комитетінің отырысында президенттікке кандидат ретінде ұсынылды. Мейрам Қажыкен 61 жаста. Экономист ретінде белгілі. Бірақ саяси алаңда бұрын аса қатты белсенділігімен көзге түспеген.
Мейрам Қажыкен
Мейрам Қажыкен 4 қазанда ол құжаттарын ОСК-ға тапсырды. Емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия бірауыздан президенттікке кандидат Мейрам Қажыкеннің мемлекеттік тілді жетік меңгергендігі туралы шешім қабылдады.
Президенттікке үміткер алғашқы әйел – Қарақат Әбден. 48 жастағы үміткер кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы атынан ұсынылды.
Қарақат Әбден
Қарақат Әбден – төрт баланың анасы. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі.
10 қазанда Талғат Ерғалиев те үміткер атанды. Ол «Қазақстан құрылысшылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігі атынан сынға түспек.
Талғат Ерғалиев
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке үміткер ретінде тағы бір әйел – Салтанат Тұрсынбекова. Ол да қажетті құжаттарды ОСК-ға тапсырды.
Салтанат Тұрсынбекова
Салтанат Тұрсынбекова әр жылдары мемлекеттік құрылымдарда, Жоғарғы Сотта жұмыс істеген. Астана қаласы қоғамдық кеңесінің белсенді мүшесі, сонымен қатар «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының жетекшісі.
Экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаев та кандидат ретінде құжаттарын тапсырды. Бірақ Орталық сайлау комиссиясы «Мұғалмас» үкіметтік емес ұйымының (кандидат ұсынылған) бірқатар филиалдары басшыларының қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының хаттамасының бұрмаланғаны туралы шағымдарын тексеруде.
Нұржан Әлтаев
Нұржан Әлтаев 44 жаста. Бұрын ол «Ел тірегі» партиясын ашып, елде бірнеше рет митинг ұйымдастырғаны белгілі.
Президенттікке кандидат ретінде Жұматай Әлиев те ұсынылды. 10 қазанда Орталық сайлау комиссиясы «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің ел президенттігіне кандидат ұсынуы туралы құжаттарын таныстырды.
Жұматай Әлиев
Жұматай Әлиев 70 жаста. Бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясынан бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты болған.
72 жастағы Хайрулла Ғабжалилов Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркелу үшін құжаттарын тапсырды. Оны «Асар» оралмандар қауымдастығы» ҚБ ұсынған. Ол ұлттық валюта теңгенің авторларының бірі ретінде де белгілі.
Хайрулла Ғабжалилов
Бақыт Жаңабаевты президенттікке кандидат ретінде «Қазақстандық футбол жанкүйерлер лигасы» қоғамдық бірлестігі ұсынды. Жаңабаевтың жасы 46-да. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде жұмыс істейді.
Бақыт Жаңабаев
Психолог әрі коуч Фатима Бизакова президенттікке үміткер ретінде құжаттарын тапсырды. Орталық сайлау комиссиясына Фатима Бизакова «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болып ұсынылды. Фатима Бизакова өзін инстаграмда психолог,коуч, бизнес тренер ретінде таныстырады. Ол президенттікке ұсынылған үшінші үміткер.
Фатима Бизакова
Еске салайық, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. 23 қыркүйекте кандидаттарды ұсыну басталды. Кандидаттар 11 қазан күні сағат 18:00-ге дейін ұсынылды.
Дереккөзі: Ulysmedia.kz