Батыс Қазақстанда ұлы әкесін ұрып өлтірді
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қайғылы оқиға Сырым ауданы Қоңыр ауылында болған.

«17 қазан күні түнде, М.Есламғалиев көшесіндегі өз үйінде 36 жастағы тұрғын 75-тегі әкесімен бірге арақ ішкен. Содан кейін ұлы әкесін соққыға жыққан.
Алған жарақат салдарынан қария оқиға орнында көз жұмды. Мүрде Орал қаласындағы сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Арақ жақсылыққа апармайды, адамдардың арасын жауластырып, өшпенділік туғызады. Арақ адамды ес ақылынан айырады, мас болған соң, не айтып, не қылғанын аңғармайды. Мас адам өз іс-әрекетіне есеп бермейді.
Қазіргі таңда адам баласы үшiн аса зиянды нәрсенiң бiрi – алкогольды iшiмдiктер. Бұл пәлекеттің қоғамға зарары жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормативі бойынша жан басына шаққанда алкогольдік ішімдіктерді 8 литрден көп пайдаланатын елдің генофонды деградацияға ұшырайды екен. Біздің елдегі жағдай бұл межеден әлдеқашан асып кеткен. Тіпті кейбір үлкен қалаларда бір жылда сатылған арақ-шарап өнімдерін адам басына шаққанда әр бірімізге 12 литрден келіп тұр. Бұл дабыл қағатындай апат.
Ғалымдар спирттік ішімдіктің аз ғана мөлшерінің өзі жасы ұлғайған шағында жаман ауруға шалдығу қауіпін өсіретінін дәлелдеді. Алкоголь әйелдерде сүт безі ісігіне, ерлерде ауыз қуысы, көмей, өңеш және бауырда ісік пайда болуына жол ашады дейді ғалымдар.
