Аттестаттар мен дипломдар QR-кодпен беріледі – министр
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім саласындағы қандай қызметтер цифрландырылатынын айтты.
Министрдің айтуынша, әр мұғалімнің цифрлық портфолиосы пайда болады. Сәйкесінше педагогтің аттестациясы, жұмысқа қабылдау рәсімі, конкурстарға қатысуы, жетістіктері және барлық ақпараты сол жүйеге жүктеліп, электронды форматта өтеді.
«Мектептерде оқулықтарды таңдау мен мониторингтеу цифрлық форматқа көшіріледі. Аттестаттар мен дипломдар QR-кодпен цифрлық форматта беріледі. Әр оқушының да цифрлық профилі еңгізіледі, онда оқушының балабақшадан бастап мектеп, әлде колледж бітіргенге дейінгі академиялық, әлеуметтік жетістіктері, бағалары, құзыреттер картасы, біз сөзбен айтқанда цифлық ізі қалыптастырылады», – деді Аймағамбетов үкімет отырысында.
Цифрландыру мектепке дейінгі білімді де қамтиды. Министр бүгінгі таңда балабақшаларға кезек цифрлық форматқа көшірілгенін атап өтті. Десек те әлі де үлкен мәселе бар.
«Кезекке қою бойынша облыстарда 44 ақпараттық жүйе пайдаланылады, бірізділік жоқ, тәуекелдер бар. Осы мәселені шешу мақсатында орталықтандырылған балабақшаларға бірыңғай кезек енгізіледі. Бұл балабақшаға кезекке тұруды, берілген жолдаманы бақылауға, орындарды бөлу кезінде тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді», – деді ведомство басшысы.
Аймағамбетов ең қажетті қызметтер толығымен eGov пен ірі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді болатынын айтты.