«АрселорМиттал Теміртау» кенішіндегі апат: полиция тергеуді бастады
«Арселор Миттал Теміртауда» төтенше жағдай болды. Кенеттен газ шығып, бес адамның өмірін қиды.

«Қайғылы оқиға түнгі 3-те Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада болды. Газ дренаждық ұңғымаларды бұрғылау жұмысы жүргізіліп жатқан. Төрт адам ауруханаға жатқызылды.», — деді ведомствоның ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Сондай-ақ, алдын ала мәлімет бойынша 106 жұмысшы эвакуацияланған.
Ленин атындағы шахтада болған ТЖ фактісі бойынша ҚР ҚК 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс тіркелді.
«Оқиға орнында Қарағанды облысы полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
«АрселорМиттал Теміртау» шахтасында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен 4 жұмысшы Шахтинск орталық ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Оларға алдын ала қойылған диагноз – метаннан улану.
Зардап шеккендердің екеуі Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың токсикологиялық бөліміне жатқызылды. Ал уланудан бөлек, әртүрлі ауырлықта жарақат алған екі науқас Шахтинск қаласының ауруханасында жатыр.
«Ол жаққа консилиум өткізу үшін Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың санитарлық авиация мамандарының бригадасы – 2 нейрохирург және 2 реаниматолог аттанды», — деп мәлімдеді басқармадағылар.
«АрселорМиттал Теміртау» Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов Ленин атындағы шахтадағы апаттың себебін айтты.
«Бүгін түнде сағат 03.03-те Ленин атындағы шахтада газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде метан газы кенеттен тарап кетті. Апат кезінде шахтада жер астында 106 адам болған. Оның 101-і эвакуацияланды. 5 адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта төрт адам ауруханада жатыр. Қазір авариялық-құтқару жұмысы жүргізілуде. Біз қаза тапқандардың отбасына, кеншілеріміздің әріптестеріне көңіл айтамыз. Қаза тапқан, зардап шеккен шахтерлердің отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі», – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
