Президенттік сайлау үшін дебатқа 63 млн теңге бөлінеді
Кезектен тыс президент сайлауы аясында өткізілетін дебатқа 63 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова айтты.
«Хабар» телеарнасының өтінімі бойынша 63 млн теңге ұсынылды, – деді Щегорцова ОСК отырысында.
Телеарна өкілі бұл ақшаның қайда жұмсалатынын түсіндірді.
«Бұл қаржы студияны жасақтауға, тікелей эфирді ұйымдастыруға, қосымша қызметкерлерді жалдауға жұмсалады. Бұл бағдарламаны ұйымдастыру «Хабар» телеарнасының жоспарына кірмеген. Шығын ОСК шығысының сметасында көрсетілген. Заңға сәйкес, ОСК-да дебат өткізе алады», – деді «Хабар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетхан Жиенқұлов.
«Алынған мәлімет негізінде телевизиялық пікірсайысқа қатысушылардың келесі құрамы ұсынылады: Әбден Қарақат Жақсылыққызы, Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы, Дайрабаев Жигули Молдахалықұлы, Қажыкен Мейрам Зекешұлы, Қошанов Ерлан Жақанұлы, Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы. Осылайша, пікірсайыс өткізу регламентімен келісу, сонымен қатар телевизиялық пікірсайсқа қатысушылардың тізімін бекіту туралы қаулы жобасы қарауға ұсынылады», – деді ОСК мүшесі.
Анастасия Щегорцова қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қарашада өтетін сайлау алдындағы телевизиялық пікірталасқа неліктен қатыспайтынын да түсіндірді.
«Үгіт-насихатты кандидаттың өзі анықтайтын сенімді өкілі өкілеттігі шегінде жүргізеді. Сондықтан бұл жағдайда сенімді өкіл кандидаттың атынан пікірсайысқа қатысады. Өйткені, кандидат оған сенім білдіріп отыр. Нақты себебіне келер болсақ, бұл сұрақтың Орталық сайлау комиссиясына қатысы жоқ. Біз алғашқы отырыс өткізгеннен кейін барлық штабқа сауал жібердік. Штаб бізге дебатқа қатысатын кандидатураларды ұсынды. Сенімхатын қарадық. Олар міндеттерге толық сай келеді. Сондықтан осындай тізім бекітіліп отыр», – деді Анастасия Щегорцова.
Айта кетейік, 11 қарашада өтетін сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайысқа Қасым-Жомарт Кемелұлынан басқа кандидаттардың барлығы қатысады.