140 итбалықты қынадай қырған не – министрліктің болжамы
Каспий теңізінде итбалықтың қырылуына қатысты зерттеу жұмыстары бір айдың ішінде жарияланады. Бұл туралы Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«7 қарашада итбалықтардың қырылуы дерегі тіркелді. Олардың саны 141-ге жетті. Дереу шаралар қабылданып, мемлекеттік органдар қатарынан комиссия құрылды. Итбалық өлекселерін зерттеу жұмыстары жүргізілді», — деді С. Брекешев.
Министр мамандардың пікіріне сүйеніп итбалықтардың қырылуына себеп болған болжалды факторды атады.
«Мамандар күкіртті сутегінің бөлінуі итбалықтарға әсер етуі мүмкін дегенді айтып отыр. Тыныс алу үшін итбалықтар су бетіне шығады. Осы орайда бұл итбалықтардың өліміне әсер еткен қандай да бір газдың бөлінуі болуы ықтимал. Біздегі мәлімет бойынша Каспий теңізінде 300 мыңнан астам итбалық бар. Біз тиісті қорықты құру, сондай-ақ Каспий теңізі және биоалуантүрлілік мәселелері жөніндегі мемлекеттік институтты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді ведомство басшысы.
