«Уәдеге әбден тойдық». «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері митингіге шықты
Бүгін, 30 қараша күні Орал қаласындағы «Шаңырақ» жасөспірімдер жатақханасында тұрып жатырған бірнеше тұрғын Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің алдына жиналды. Олар шенеуніктерден баспана мәселесін тезірек шешіп берулерін талап етті.

Наразылыққа шыққандардың қолында «Дайте сиротам квартиры», «Хватит обещаний где наши квартиры» деген жазуы бар плакат болды. «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде тұрып жатырған Айнагүл Өтебалиеваның айтуынша, жатақхананың жағдайы мәз емес. Терезелері сөгіліп, қабырғалары қақырап құлаудың аз-ақ алдында тұрған үйде ыстық су атымен жоқ. Ол облыс әкімдігіне осыған дейін бірнеше мәрте келгендерін, шығарып салма жауаптан шаршағандарын айтады.
– Үйдің кезегінде тұрғанымызға 10 жыл болды. Кезек жылжымайды. Қазір тұрып жатырған жатақханада ешқандай жағдай жоқ. Іріп-шіріп жатырмыз. Ыстық су жоқ. Тарақан өріп жүр. Әкімдікке келген сайын уәдені үйіп-төгіп шығарып салады,-дейді ашынған Айнагүл.
Наразыларға кішкенеден соң Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Ерлан Нағимов келді. Ол митингтің заңсыз екенін ескертіп, жиналғандардан тарауларын сұрады. Алайда оның айтқанын «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тұрғындары тыңдаған жоқ.

Кейін оларды Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қабылдады.
– «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің басшысы әрқайсымызды шақырып, біздің ол жерде заңсыз тұрып жатқанымызды айтты. 23 жастан асқаннан кейін онда тұруға біздің құқымыз жоқ екен. Ол кісі «Кімнің күйеуі бар, кім заңды некеде, солар «Шаңырақтан» шығып, пәтер жалдаңдар» деді. Әйтпесе, «Шаңырақтың» коммуналдық шығындарын барлығымыз төлейміз екен. Жатақханада ыстық су жоқ, дұрыс свет те жоқ, авариялық жағдайда тұр. Енді бізде сұрақ: Осындай жағдайда тұрып жатып, не үшін біз коммуналдық шығындарды төлеуіміз керек? Үш баламен қайда барып пәтер жалдаймын?-деді Бақытжан Нарымбетовке сұрақ қойған Әсел Антаева.
Оның бұл сөзін қалғандары қостай жөнеліп, «Шаңырақта» тұрып жатырғандарына 13 жылдан астам уақыт болғанын, осы жылдар ішінде жатақханада дұрыс ыстық су, салқын су болмағанын алға тартып, күрделі жөндеу жүргізілсе коммуналдық шығындары төлеуге дайын екендері айтты.
– Жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Құжатты жыл соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін кезде сіздерді уақытша қайда орналастыратынымызды қарастырып жатырмыз. Енді коммуналдық төлемдерге келетін болсақ, сіздер ол жерде тегін тұрып жатырсыздар. Бірақ, заң бойынша коммуналдық шығындарды төлеуге міндеттісіздер.Қазір «төлемейміз» деп отырсыздар ғой, алайда жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қайтадан сонда жайғасқанда бәрібір төлейсіздер,- деді Бақытжан Нарымбетов.
Оның бұл жауабына Әсел Антаева «Біз жатақханаға қайтып бармаймыз ғой. 23 жастан асқаннан кейін ол жерде тұруымыз заңсыз емес пе?» деп сауал қойды.
Бұл сұраққа Бақытжан Нарымбетов «Сіздердің «Шаңырақта» заңсыз мекендеп жатқандарыңыз құқық қорғау органдарына да, басқаларына да аян, бәрі біледі. Заңсыз болса да, ол жерде тұра бересіздер. Бірақ мана айтып өткенімдей коммуналдық шығындары төлейсіздер,-деді.
Шенеунік «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде қағаз жүзінде тұрып, іс жүзінде ол жерде мүлдем тұрмайтын адамдардың да бар екенін айтып, алдағы уақытта тексеріс жүргізіп, сотқа беретіндерін айтты.
– Есіктерін құлыптап кетіп, өздері басқа жақта тұрып жатырғандар бар. Тұратын жайлары болса, неге «Шаңырақтан» орын алады?»,-деді Нарымбетов.
Жатақхана тұрғындары Нарымбетовтың бұл жауабымен келіспеді, олар «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің басшысының өзі тұрмайтын адамдары әдейі қосып отырғанын айтты.
– «Шаңырақта» тұрмаймын, келмеймін деген адамдарды жатақхана басшысы қосып отыр. Өз көзімізбен көрдік, – деп қарсы уәж айтқан жатақхана тұрғындарыбаспана мәселесі шешілмесе, соңғы қадамға (суицид жасауды айтып отыр – ред) баратындарын айтты.