Жұмыс істейтін қазақстандықтардың үштен бірі күнін әрең көріп жүр – зерттеу
Қазақстанда жұмыс істейтін кедейлердің үлесі 34%-ға жетеғабыл. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, «Қазақстандағы жұмыс істейтін кедейлік» зерттеуінің нәтижесінде елде жұмысы бар бола тұра кедейдің күнін кешіп жүргендердің үлесі 27-34% аралығында екені белгілі болды.
«2022 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда жалдамалы қызметкерлер саны 6,7 млн адамды құрады. Тиісінше, жұмыс істейтін кедейлердің саны 1,8 млн-нан 2,3 млн-ға жуық қазақстандықты құрайды», – деді мәжілісмен премьер-Министр Әлихан Смайыловқа долдаған депутаттық сауалында.
Депутат жұмысы бар миллиондаған қазақстандықтың жалақыдан жалақыға дейін өмір сүріп жатқанын және әрең күн көретінін атап өтті.
«Үкіметке елде «жұмысы бар кедейлердің» бар екенін мойындайтын, түбегейлі зерттейтін және тұтастай алғанда Қазақстан қоғамының экономикалық таптарын тұжырымдамалық деңгейде бағалайтын уақыт келді», – деді Смайылов.
Мәжілісменнің айтуынша, мемлекеттік саясат деңгейінде кеңестік кезеңдегі түсініктің сарқыншағы бар: азаматтың тұрақты жұмыспен қамтылуы оған және оның отбасына жеткілікті табыс әкеледі деп есептеледі.
Сонымен қатар, отандық сарапшылардың пікірінше, «жұмыс істейтін кедейлік» салалық және аймақтық ерекшеліктерге ие. Осы санатқа ену қаупі қызметкердің тәуелділік жүктемесіне байланысты: отбасы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым бұл тәуекел жоғары болады. Сондай-ақ, әйелдер мен әйелдер басқаратын отбасылардың осы санатқа ену қаупі жоғары.
«Жұмыс істейтін кедейлер» өз қаражатының едәуір бөлігін азық-түлік сатып алуға жұмсауға мәжбүр. Олардың жартысына жуығы (44%) мүлдем ақша жинамаған. Сауалнамаға қатысушылардың жартысын көбі(50,1%) борышкер деуге болады: олардың бір емес, бірнеше несиесі бар», – деп атап өтті Смайлов.
Тұтынушылық әлеуеті бойынша «жұмыс істейтін кедейлердің» 40%-ын маусымдық киім сатып алу қиынға соғатын қоғамның ең аз қамтылған топтарына жатқызуға болады.
«Жұмыс істейтін кедейлік» – бұл еңбек нарығын лайықты жалақымен жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алмайтын экономикадағы тоқыраудың тікелей салдары болып табылатын құбылыс», – деп түсіндірді депутат.
Ерлан Смайылов Үкіметке жүйелі стратегиялық шаралар қабылдауды ұсынды. Оның сөзінше, жұмысы бар кедейлердің санын азайтуды ғана емес, сонымен қатар, ауқымды орнықты орта тапты қалыптастыруға ұмтылу керек, Ол үшін жаңа әлеуметтік-экономикалық модельді әзірлеу және іске асыру қажет.