«Балалардың бірі өліп, енді бірінің денсаулығына зиян келе бере ме?!»
Орал қаласының тұрғыны Қарлығаш Кудряшова «Орал апталығы» редакциясына шағына келді. Ол 13 жасар баласының балалар ойын алаңында ойнап жүрген кезінде әткеншектен құлап, оң қолының екі саусағын қатты жарақаттап алғанын айтады. Алған жарақат салдарынан хирург баланың саусағының жартысын кесіп тастаған. Полиция осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозған, бірақ істе алға жылжу жоқ дейді.

Бұл оқиға шілде айының 27-сі күні болған. Қарлығаш Кудряшованыңұлы Никита – Алмазов 69 мекенжайындағы көпқабатты үйдің ауласындағы балалар ойын алаңына ойнауға барғанда зардап шеккен.
— Ойнауға кеткені сол еді, бір кезде баламның қасында жүрген достары хабарласты. «Никитаның қолы кесіліп қалды» деп. Деру әкесі барды. Барса, бір саусағының жартысы сол жерде түсіп қалған. Қансырап отыр. Содан жедел жәрдемге, «102» хабарластық. Полиция келіп, бізден арыз шағым алды. Жедел жәрдем келіп болмағасынәкесі өзінің көлігімен балалар ауруханасына апарды. Содан баламның екінші саусағы кесілді,- дейді Қарлығаш.

Ол баласының екі саусағынан айырылуына спорт алаңын орнатқан мердігер мекемені кінәлеп отыр.
— Әткеншектің ұстайтын жері жоқ. Сынып қалған. Балам құлап бара жатқанда сынып қалған жерінің тесігіне саусағын қыстырып алған ғой. Қиып түскен. Бұл – бірінші жағдай емес. Осы жазда бір баланың үстіне футбол қақпасы құлап, қайтыс болды. Неге тиісті мекеме балалар ойын алаңын қадағалауға алмайды? Балалардың бірі өліп, енді бірінің денсаулығына зиян келе бере ме?! Осы алаңды орнатқандар жауапкершілікке тартылуы тиіс,- дейді Қарлығаш Кудряшова.

Оқиғаға төрт айдан астам уақыт өтсе де, полиция нақты ештеңе айтпай отырған көрінеді. Қарлығаш, іс сиырқұйымшақтанып, кінәлі адамдар жазасыз қала ма деп алаңдайды.
— Осы қазір тергеушіден шықтым. Ол маған сараптама қорытындысын көрсетті. Онда біраз талаптар сақталмағандығы жазылған, — дейді Қарлығаш.
Алмазов 69 мекенжайындағы көпқабатты үйдің ауласына балалар ойын алаңын «Glass servis» ЖШС орнатқан. Бұл мердігер мекеме басшысының орынбасары Амангелді Мұхамбетов алаң құрылғыларын қойғанда ешқандай кемшілік болған жоқ деп отыр.

— Өткен жылы «Жайық сити» деген мердігер тапсырыс берді. Біз қойып бердік. Темірлерді орнатқанда қандай да бір кемшілік болмады, — деді Амангелді Мұхамбетов.
Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі балалар ойын алаңын салуға тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі екенін оған 29 млн теңге қаржы жұмсалғанын айтты.

— Бұл алаң – Орал спорт клубының теңгерімінде.Болған жағдайдан кейін спорт клуб басшысының орынбасары қызметінен босатылды және қаладағы балалар спорт алаңдарына тексеріс жүргізілді,- деді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ал Орал спорт клубының басшысы Есқабыл Жалмұрзиев болса, қала әкімдігі баспасөз қызметінің берген мәліметін терістеп отыр.
— Ол алаң шілде айында біздің теңгерімде болған жоқ. Біз алаңды теңгерімге қазан айында ғана алдық. Оған дейін алаңды қабылдаған жоқпыз. Өйткені құжаттары дұрыс болмады. Енді Вичеслав есімді орынбасарыма келетін болсақ, жұмыстан шығарылған жоқ. Ол кісі тамыз айынан бастап, денсаулық жағдайына байланысты (больничный) демалыста болды, қазір еңбек демалысында,- деді.
«Орал апталығы» тілшісі осы істі тергеп жатырған тергеуші Айша Иманқұловаға хабарласқан.Алайда ол бұл іспен айналысып жатпағанын айтты.
— Бұл іс уақытша «үзіліп» тұр. Мен қазір бұл іспен айналыспаймын. Басқа ешқандай ақпарат бере алмаймын,- деді тергеуші.
Ол тілшінің «уақытша үзіліп тұр» дегенді тоқтап тұр деп түсінуге бола ма?» деген сауалына: «Жоқ, олай емес, «үзіліп тұр» дегеннің кодексте анықтамасы бар, қазір қолымда кодекс болмағаннан кейін сізге оны айта алмаймын» деді.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдай бойынша қылмыстық кодекстің 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) бойынша іс қозғалғанын айтты.
— Сот-технологиялық сараптама тағайындалды. Қорытындысы әлі күнге дейін дайын емес,- делінген полиция департаментінің баспасөз қызметі береген мәліметте.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
Фото мен бейне Еркебұлан ГАПУОВ
