«Олай деп айтқым келген жоқ». Әкім халықтан кешірім сұрады
БҚО Бәйтерек ауданы, Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев «Халық қазір мал боп кеткен» деген сөзі үшін кешірім сұрап, видео жолдады.
Видео да әкім алдымен осы жылдың басында Павлов, Горбунов ауылдарына газ кіргізілгенін, сол кезде тұрғындардың қуанышында шек болмағанын сөз етеді. Шенеунік өз сөзінде аталған ауылдарда не себепті жарық, газ айырылғанын қысқаша түсіндіргендей болады.
– Желтоқсан айының 7-сі күні таңертең 9.40-та Павлов, Горбунов ауылдарында техникалық ақаумен бірінші жарық сөнді. Кешкі 18.40.-та жарықты жағып қуанып жатқанымызда газ сөнді. Осы ауылдарға қызмет етіп жүрген «Алия Сервис» ЖШС тарапынан қателік болып, газды уақытында қоса алмадық. Газ 8 желтоқсан күні 23.30-да қосылды.Қазіргі таңда бәрі жақсы,-дейді Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев.
Видео соңында әкім әріптестерінен, ауыл тұрғындарынан және журналистерден кешірім сұрады.
– Енді олай деп (халық қазір мал боп кеткен деп —ред) айтқым келген жоқ. Тоңып, шаршап жүрген кезімде артық сөз айтып қойсам кешірім сұраймын. Ауылда бәрі тұрақты,-деп аяқтады сөзін шенеунік.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
ОСЫ ТАҚЫРЫПТА ОҚЫҢЫЗ: «Халық қазір мал боп кеткен»: БҚО-да ауыл әкімі халықты малға теңеді