Халықты малға теңеген ауыл әкіміне қатысты әдеп уәкілдері не дейді?
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарасты Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев күні кеше халықты малға теңеген еді. «Халық қазір мал боп кеткен» деген шенеуніктің бұл сөзі халықтың ашуын туғызды. Әлеуметтік желіде пікір білдірген халықтың көбі ауыл әкімінің қызметінен кетуін және заң жүзінде жауапкершілікке тартылуын талап етуде.

Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айман Хайруллина Бейбіт Аманғалиев мемлекеттік қызметтен кетуі тиіс екенін айтады.
— Мұндай сөз айтуы дұрыс болмады. Өз басым ол кісінің мемлекеттік қызметте жүрмеуі қажет деп есептеймін. Әдеп кеңесіндегілер дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын,-деді Айман Хайруллина.
Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істергі агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов Бейбіт Аманғалиевке қатысты қызметтік тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін Бәйтерек ауданындағы әдеп уәкіліне хабарлама жібергендерін айтып отыр.
— Қызметтік тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін нақты шара қабылданатын болады. Әрбір мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажет. Егер сақтамаса, мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады,- дейді Мұрат Байсалов.
Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Нұржан ДүзбатыровБейбіт Аманғалиевтің ісін қарау көпке созылмайтынын айтады.
— Қолданыстағы заң бойынша бес жұмыс күні ішінде қаралады. Әрі қарай ол кісінің өкілеттігін тоқтату я болмаса шара қабылдау аудан әкімінің, сайлау комиссиясы төрағасының шешіміне байланысты. Бұл мәселені қарау көпке созылмайды деп ойлаймын. Өйткені, дәлелдеуді қажет ететін нәрсе емес қой. Бәрі айдан анық көрініп тұр,-дейді Нұржан Дүзбатыр.
Ол Бейбіт Аманғалиевтің айтқан сөзі ешқандай ақтап алуға келмейді деді.
— Қазір округ әкімі денсаулығына байланысты демалысқа шығып кетті. Енді ол кісінің айтқан сөзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізіледі. Әрине, айтқан сөзі ақтауға келмейді. Мемлекеттік қызметші болғаннан кейін халықтың, әсірісе, журналистер алдында өзін дұрыс ұстап, ойын нақты жеткізіп, сөз саптауына да мән беруі қажет. Бейбіт Аманғалиев осыған дейін Махамбет ауылында төрт жыл әкім болды. Халықтың қолдауымен екі ай бұрын осы ауылға қайта әкім болып сайланған еді. Халықтың атынан сайланып тұрып, осындай нәрсеге жол беруі – үлкен қателік болды. Жеке өзімінің пікірімде Бейбіт Аманғалиев қызметінде қалмауы тиіс деп есептеймін,- дейді Нұржан Дүзбатыров.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
ОСЫ ТАҚЫРЫПТА ОҚЫҢЫЗ: «Олай деп айтқым келген жоқ». Әкім халықтан кешірім сұрады
«Халық қазір мал боп кеткен»: БҚО-да ауыл әкімі халықты малға теңеді
