БҚО-да мектептің күрделі жөндеуі уақытында аяқталмады. Балалар интернат ғимаратында оқуға мәжбүр
Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылдық округінде мектептің күрделі жөндеуі уақытында аяқталмаған. Соның кесірінен 160 оқушы интернат ғимаратында оқуға мәжбүр. Мұны «Әділдік жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері анықтады.
Бірлестіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша жетекшісі Бауыржан Ахметжанның айтуынша, мектепке күрделі жөндеу осы жылдың 13 сәуір күні басталған. Келісім шарт бойынша жөндеу жұмыстары 13 қазанда аяқталуы тиіс болған.
– Мәселен, пластикалық терезелер мен есіктердің біразы орнатылмаған, көп жерде электр жарығы жоқ, құрылыс қоқыстары шығарылмаған, спорт зал толық аяқталмаған.Нысанда жұмыс бригадалары жетіспейді, тек терезе орнатушылар мен сырлаушылар ғана жүр. Ал оқушылар басқа мекеменің тар әрі жарамсыз ғимаратында оқып жатыр. Тасқала ауданы шенеуніктерінің немқұрайлы әрекетінен және қызылордалық «НұрТехСервис» мердігер мекемесінің өз міндеттерін орындамауынан оқушылардың құқықтары бұзылуда,-дейді Бауыржан Ахметжан.
Ол мемлекеттік сатып алу порталынан мектептің күрделі жөндеуіне 263,4 млн. теңгеге қаржы бөлінгенін анықтаған.
Ал Тасқала ауданы білім бөлімінің басшысы Айгүл Касимова мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 20 желтоқсанда аяқталады деп отыр.
– Мектепті жөндеуге қаржының 90 пайызы республикалық, 10 пайызы облыстық бюджеттен бөлінді. Енді не себепті уақытында аяқталмағанына келетін болсақ, бөлінген қаржы сәуір айында түсуі тиіс болатын, алайда қаржы кешігіп мамыр айында түсті. Кейін біз мердігер мекемемен қосымша келісім шарт жасасқан едік. Алдағы аптада жөндеу жұмыстары толық аяқталады,-деді Айгүл Касимова.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ