БҚО-да 2023-2025 жылдарға арналған бюджет бекітілді
Бюджеттің көп бөлігі білім беру саласына бөлінеді.
Облыстық мәслихаттың сессиясында өңірдің 2023 – 2025 жылдарға арналған бюджеті бекітілді. БҚО қаржы басқармасының басшысы Тілепберген Каюповтың айтуынша, 2023 жылға шығыстар мен түсімдер бойынша ол 368,3 миллиард теңгені, 2024 жылы – 398 миллиард теңгені және 2025 жылы – 422 миллиард теңгені құрайды.
Облыстық бюджеттің түсімдері өз кірістерін ескере отырып, 86 миллиард теңгені, трансферттер түсімдері – 249,9 миллиард теңгені, өзге түсімдер 32,4 миллиард теңгені құрады.
– Облыстық бюджеттің негізгі үлесі әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту салаларына бағытталатын болады. Инвестициялық жобаларды іске асыруды ескере отырып, әлеуметтік салаға 223 миллиард теңге немесе барлық облыстық бюджеттің 60% – ы бағытталатын болады, – деп атап өтті Тілепберген Каюпов.
Айта кету керек, ең көп қаражат – 223 миллиард теңгені білім беру саласына бағыттау жоспарлануда. Бұл қаражатқа «Жайлы мектеп» және «Ауыл – ел бесігі» пилоттық жобасы аясында 10 мектеп салынады. Денсаулық сақтау саласына тоғыз миллиард теңге, әлеуметтік қамсыздандыруға – 18.1 миллиард теңге, мәдениет, спорт, туризм, жастар саясаты және ақпараттық кеңістік саласына 1.6 миллиард теңге бөлінеді.
Ауыл және орман шаруашылығы саласына, қоршаған ортаны және жер қатынастарын қорғауға 30.7 миллиард теңге қарастырылған, ал кәсіпкерлікті қолдауға 2.1 миллиард теңге бағытталады.
38.6 миллиард теңге үйлер салуға, инфрақұрылымды дамытуға, елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге және газдандыруға бөлінетін болады. Автомобиль жолдарын күтіп ұстауға, күрделі және орташа жөндеуге, сондай-ақ автомобиль инфрақұрылымын дамытуға 35.3 миллиард теңге бөлінеді.