БҚО-да жол апатынан бүгінгі күнге дейін 97 адам қаза тапқан
Батыс Қазақстан облысында жол апаты көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда биыл 17,5 пайызға жоғары. Бүгінгі күнге дейін 97 адам қаза тапқан. Мұны БҚО полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өткен жиында айтты.
Оның сөзінше, өткен жылдың 11 айында 309 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 90 адам қаза тапқан. Жол апаттарының негізгі себебі – жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыруынан болатын көрінеді.
– Жол қозғалысын қадағалаған кезде республикалық маңызы бар автожолдарда жол ережесін бұзған 1416 көлік айып тұрағына қамалды,-дейді Жанболат Жаншин.
Ол«Орал апталығы» тілшісінің «Биылғы жылы қанша жол апаты оқиғасы тіркелді және неше адам қайтыс болды?» деген сұрағына: «12 айдың қорытындысы әлі жабылған жоқ, сондықтан мен сізге оны айта алмаймын. Бірақ күні бүгінге дейін 97 адам қаза тапты. Жол апаты өткен жылмен салыстырғанда көп, бірақ, адамдардың қаза болуы мен жарақат алу көрсеткіші төмен» деп жауап берді Жанболат Жаншин.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ