БҚО-да жолды күтіп ұстауға техника жетіспейді
Батыс Қазақстан облысында жолдарды қысқы күтіп ұстауға техника жетіспейді. Норматив бойынша 85 бірлік техника болуы керек. Алайда «ҚазАвтоЖол» мекемесінде 54 техника ғана бар, бірақ соның 8-і жарамсыз күйде.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының басшысы Қазбек Мамбетов қосымша 22 техниканы жалға алғалы жатқандарын айтып отыр.
-Тағы үш техниканы жалға алу үшін конкурс жарияланды. Жалпы, республикалық маңызы бар жол 1414 шақырым болса, соның 1097 шақырымына «ҚазАвтоЖол» мекемесі күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуде,-деді жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өткен жиында Қазбек Мамбетов.
Оның бұл айтқандары Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиевтің көңілінен шыққан жоқ. «Әлі 39 техника жетіспейді, неге жалға алмайсыздар? Қазір қолдарыңызда 54 техника бар екен, соның 8-і істен шыққан. Неге жарамсыз?» деп сұрады облыс әкімі Қазбек Мамбетовтен.
Алайда бұл сұраққа Қазбек Мамбетов нақты жауап бере алған жоқ.«Арнайы комиссия шығып қанша техника бар, соның нешеуі жүріп тұр, қараңыздар. Саны бар да, сапасы жоқ болып жүрмесін. Жол қауіпсіздігіне алдымен мына сіз бен біз жауаптымыз. Осыны естеріңізден шығармаңыздар. Егер жол қауіпсіздігін дұрыс қамтамасыз ете алмасақ, ертеңгі күні жақынан айырылған адамдарға не айтамыз? Сондықтан мұның барлы бізге, соның ішінде «ҚазАвтоЖол», облыстық жол басқармасына байланысты. Жетіспейтін техника мәселесін қаңтар айында шешіңіздер,-деді Нариман Төреғалиев.
Облыс әкімі «ҚазАвтоЖол» мекемесінің жұмысын және сынға алып: «Неге техникаларыңыз учаскелерде тұрмайды? Қазір техника қалада тұрса, мыннан шығып, учаскеге жеткеншеқаншама уақыт кетеді? Осыны ойладыңыздар ма?» деді.
Бұл сұраққа да Қазбек Мамбетов іркіліп қалды. Пайдалану бөлімдері бар екенін айтумен ғана шектелді.
– Қай жерде ол?,- деп Нариман Төреғалиев және сұрады.
– Жымпитыда, Чапайда, Жалпақталда және қосымша Тасқала мен Подстепноеда,-деп жауп берді Қазбек Мамбетов.
Бұл жиынға онлайн қатысқан аудан әкімдерінің ішінен Теректі ауданының әкімі Тілек Ғабдушев Подстепное-Ақсай бағытындағы жолдың 35-32 шақырымындағы асфальттың беткі қабаты кесіліп қалғанын, соның кесірінен жолдың тесіліп жатқанын айтты.
– Қазір жол істен шықты. Осыны ретке келтіру керек, – дедіТілек Ғабдушев.
– Біріншіден, ана жерге өзіңіз барып қараңыз. Екіншіден, тезірек жолды жамаңыздар. Біздерде мынадай жаман әдет бар: Жолды алдын ала кесіп тастайды, ол жол екі-үш ай солай жатады. Уақытында жасамайтын болсаңыздар, қозғамаңдар? Асфальтты алдын ала кестің ба? Уақытында жаса, шұңқыр-шұңқыр қылып тастап кетпей. Мен мұндайға жол бермеймін,-деді Нариман Төреғалиев Қазбек Мамбетовке қарап.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ