Шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру жылдың басында жалғасады
Алдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап, шілде айының 1-іне дейін шетелдік автокөліктерді заңдастыру қайта жалғасады. Осы жарты жыл ішінде шетелдік автокөліктерді тізгіндеген адамдар көліктің барлық құжатын дұрыстап, тіркеуге қоюы қажет.
БҚО полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының процессинігтік орталығының бастығы Асқар Салимовтың айтуынша, осы жылдың бірінші қыркүйегіне дейін әкеліп, тіркеуден өтпеген көліктерді заңдастыру тәртібін жүргізуді айқындайтын Үкімет қаулысының жобасы әзірленген.
– Бұл жоба талқылаудан өту үшін 29 қараша күні ішкі істер министрлігінің сайтында орналастырылды. Халықтан келіп түскен барлық ұсыныстар қаралады. Заңдастыруға жататын автомобильдер іздестіру базасында тіркелмеуі, бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы, толық кедендік тазартудан өтуі тиіс. Беларусь, Ресей және Арменияда тіркелген автомобильдер үшін кедендік тазартудан өту талап етілмейді,- деп түсіндірді автокөлік иелеріне Асқар Салимов.
Ол ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінген автомобильдер кедендік тазартудан өтуі тиіс екенін айтты.
– Егер автокөліктер талаптарға сәйкес келсе, оларды тіркеуге еш кедергі жоқ. Шығарылған жылы және заңдастырылатын автомобильдерге экологиялық сыныпқа сәйкестігі бойынша қандай да бір шектеу қойылмайды. Ал тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді алғашқы тіркегені үшін 200 мың теңге мөлшерінде біржолғы алым төленіп, заңдастыру міндеті қойылды,-дейді Асқар Салимов.
Жиында тұрғындар тарапынан «Мен Атыраудан Арменияның көлігін сатып алдым. Алғаннан кейін тексертіп қарасақ, көлік бір Армения азаматының атында тұр екен. Ал сол азаматтың атына 1200 көлік тіркелген. Енді көлігімді Армениядан тіркеуден шығарайын десем, ол жақтағылар айтады: «Біз 1200 автокөлікті бір-бірлеп шығармаймыз, барлығын жиналып келіңдер, сол уақытта шығарамыз» дейді. Бұл мүмкін емес нәрсе. Осы қалай болады?» деген және сұрақ қойылды. Бұл сауалға Асқар Салимов: «Автокөлікті рәсімдеу кезінде қандай да бір шектеу болатын болса, ондай көлік тіркеуге қойылмайды яғни базадан өтпейді. Мұндай мәселені сол жаққа барып шешу керек» деп жауап берді.
– Сол жаққа барып шешу емес, біздер облыстың немесе республика атынан Армения, Ресей, Беларусь елінің органдарына осы мәселелерге көмектесу жөнінде ресми хат жіберейік. Менің қолым қажет болса, мен қойып берем. Барлық мәселені мына азаматтардың мойнына артып қойып қарап отырмайық. Біз де көмектесейік,- дедітұрғындармен кездесуде Нариман Төреғалиев.
Жиынға келген автокөлік иелері өздерін толғандарын сауалдарын қарша боратты. Солардың ішінде: «Көбі сатып алғаннан кейін тіркеуден шығарып тастайды. Мысалы, Ресейден автокөлік алатын болсақ, олар 10 күн уақыт береді, осы күннен кейін тіркеуден шығарып тастайды. Қолымызда көлік құралының паспорты (КҚҚ) және көлік құралын тіркеу туралы куәлік (КҚҚ) ПТС,СТС деген екі құжат береді. Осы екі құжат сосын сатып алғандығың жөнінде құжат болса, тіркете аламыз ба?», «Оң жақ санаттағы көлік айдаймыз. Ол маған дейін бес-алты адамнан сатылып келген. Иесін таба алмай отырық. Тіркеуге қойып, қазақстандық нөмір таққымыз келеді. Бұл қалай болады?» деген сұрақтар болды.
Бұған Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин: «Былай істейік: Ресей автокөліктерінін атынан бір адам, Армения көлігін айдап жүргендердің ішінен бір адам сұрақтардың барлығын көрсетіп, менің атыма хат жазыңыздар. Біз сол бойынша жұмыс істейік,-деп жауап қатты.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев те азаматтарға автокөлік иесін табу оңайға соқпайтынын айтты.
– Тауып жатсаңыздар автокөлік қай елде тіркеуде – сол елден тіркеуден шығаруларыңыз қажет. Егер тіркеуден шығарып тасталған көлік болса, онда сіздер тіркеуден шығарып тасталғаны жөнінде анықтама қағазын алу керексіздер.Мемлекеттің беріп жатырған мүмкіндігінен айырылып қалмас үшін біз сіздерге тезірек көмектесуіміз керек. Сондықтан сіздер ертеңнен бастап, қолдарыңызда бар құжаттарды тиісті органға беріңіздер,- деді Нариман Төреғалиев.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ