Екі адамның өліміне себепкер болған «Батыс су арнасына» қатысты сот отырысы басталды
Бүгін, 22 желтоқсанда Орал қалалық сотында «Батыс су арнасы» ЖШС қызметкерлерінің өліміне қатысты алғашқы сот отырысы өтті.

Сот процесінде айыпталушы тараптың адвокаты Гүлдерай Ғазизова тергеу жұмыстары дұрыс жүргізілмегенін, адам өліміне әкеп соққан апатқа не себеп болғаны нақтыланбағанын айтты.
– Тергеу жұмыстарында тек құбырлардың жай-күйі ғана сипатталған. Құбырларда 36 болт бар, соның 8-ін жұмыс басталар алдында ғана бекітілген. Неге болттар оған дейін бекітілмегені түсініксіз? Мұның барлығын тергеу барысында анықталуы керек еді. Бұл іс бойынша тек «Батыс су арнасының» 5-6 қызметкерінен жауап алынған. Тергеумен айналысқандар жұмыс берушіні 100 пайыз кінәлі деген қорытындыға келіп отыр,- деді сотта бірінші болып сөйлеген Гүлдерай Ғазизова.
Ол өзінің қорғауындағы «Батыс су арнасы» ЖШС-нің қауіпсіздік техникасы бойынша инженері қайғылы жағдайға кінәлі емес екенін, қаза болған екі азаматтың өздері қауіпсіздік талаптарын сақтамаған деп отыр.
– Екеуінде де қауіпсіздік белдігі болған, бірақ Байболов оны тақпаған, – дейді айыпталушының адвокаты Гүлдерай Ғазизова.
Оның айтуынша, қайғылы жағдайға жергілікті билік те кінәлі. Өйткені жұмысшылар қаза тапқан кәріз сорғы стансасы 2019 жылы апатты деп танылған көрінеді. Гүлдерай Ғазизова қаза болғандардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуге және пәтер сатып алып беруге дайын екендерін мәлімдеді.
Зардап шегуші тараптың адвокаты Гүлжан Атанязова қаза болған Кенжегерей Сұпығалиевте қорғаныс киімдері болмағанын айтты.
– Сұпығалиевтеарнайы киімде мүлдем жоқ. Ал іс материалында оларда комбизон кигені туралы жазылған, ал енді мына суреттерге қараңыздаршы, қаза болғандардан комбизон көріп тұрсыздар ма?- деп сұрады адвокат суреттерді көрсетіп тұрып.
Ол мәйіттерді кәрізден шығарған кездегі бейнежазбаны алдағы сот отырысында көрсететінін жеткізді.«Сұпығалиевтің ұлы қайғылы оқиғадан 40 күн бұрын суға батып қайтыс болған еді. Ұлының қайтқанына көп өтпей жатып, әкесі де дүниеден өтті. Неге сот отырысында бір ғана адам отыр? Ушаков, Кенжалиев қайда? Кәсіпорынның басшысы қайда? Неге бір адам бәріне жауапты болуы керек? Тергеу объективті, жан-жақты жүргізілмеді, олқылықтар көп. Іс қосымша тергеуге қайтарылсын,-деді Гүлжан Атанязова.
Сот отырысы барысында өзін қаза болған Дәулен Байболовтың жақын адамы әрі адвокатпын деп таныстырған Арман Мұқанов Дәуленнің отбасына өтемақы төлеулерін сұрап, «Батыс су арнасы» басшылығына хабарласқандарын айтады.
– Олар қылмыстық іс қозғалып жатқанын, адвокатқа хабарласу керектігін айтты. Мен тергеуші Сүлейменоваға жәбірленушілерді анықтауларын сұрап, бірнеше рет өтініш бердім. Ашығын айтқанда тергеуші марқұм Байболовтың өзін жәбірленуші деп таныды, сосын мені, кейін туыстарын зардап шегуші тараптың қатарына қосты,-деген Арман Мұқанов екі адамның қазасына кәсіпорын басшылығын кінәлі деп санайды.
Судья Роза Сариева істі тергеу барысында ешқандай заң бұзушылыққа жол берілмейтінін алға тартып, істі қайта прокуратураға жіберудегі өтініштен бас тартты. Енді келесі сот отырыс алдағы жылдың 5 қаңтарында өтеді.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
Бейне мен фото Еркебұлан ГАПУОВТІКІ