Халықты малға теңеген әкімге қатысты қызметтік тергеп-тексеру басталды
Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов айтты.
Ол қызметтік тергеп-тексеру жұмыстары қанша күнге созылатынын және қандай шара қабылданатыны белгісіз екенін айтады.
– Бейбіт Аманғалиев қызметінде қала ма, жоқ па ол туралы мен нақты ештеңе айта алмаймын. Әрине, ол кісінің осыған дейінгі істеген жұмысын, еңбек өтілін ескеру керек. Бір сәтте жұмыстан шығарып тастау дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл жерде шешімді жалғыз мен қабылдамаймын, әдеп кеңесіндегілердің де пікірі ескеріледі,-деді Мұрат Байсалов.
Ол «Орал апталығы» тілшісінің «Бейбіт Аманғалиевтің ісін қарайтын жиын нақты қашан өтетінін айта аласыз ба?» деген сауалына: «Жиынның қашан өтетінін әдеп жөніндегі кеңес төрағасы ретінде мен де білмеймін» деп жауап берді.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев «Халық қазір мал болатын кетті» деген еді. Кейін шенеунік айтқан сөзіне «өкінетінін» айтып, видео үндеу жолдаған болатын.