Сандалған мұғалім, тентіреген оқушы: БҚО-да мектеп-лицей оқушылары бес мекеменің ғимаратында оқуға мәжбүр
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы мектеп-лицейінің 587 оқушысы бүгінде бес мекеменің аядай ғана бөлмесінде оқып жүр. Оған себеп – мектеп-лицейдің күрделі жөндеуі уақытында аяқталмауы. Өткен жылдың сәуір айында басталған жөндеу жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, мектеп-лицей пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда әлі күнге дейін бітпеген. Әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүрген мұғалімдер әрі-бері қатынау қиындық туғызып жатқанын айтады.

Казталов ауданы облыс орталығы – Орал қаласынан шамамен 350 шақырымдай қашықта орналасқан. Бұл ауданға апарар асфальт жолдың кей жері тегіс болғанымен, кейбір жері текеметше жиырылып, шұрық-тесігі шығып жатыр.
«Орал апталығы» тілшісі түс ауа Казталов ауданына жетті. Мектеп-лицейді түсіруге барғанда жан баласы көрінбеді. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны байқалмады. Таксиге отырып, келесі нысанға бет алғанда такси жүргізушісіне біреу қоңырау шалды. Хабарласқан Казталов ауданы білім бөлімінің әдіскері Нұрлан Жасқалиев я болмаса мектеп-лицей директоры Нұрлан Хайрушев болуы керек. «Журналисті бізге алып келіңіз» депті такси жүргізушісіне. Мектеп-лицейге қайта барғанда Нұрлан Жасқалиев пен Нұрлан Хайрушев сыртта күтіп тұрды.

– Қай таксимен жүргенімізді қалай білдіңіздер?- деп сұрады тілші олардан. – Сіздерді келе жатыр деген хабар бізге таңертең жетті,- деді Нұрлан Жасқалиев сәл жымиып.
Кейін мектеп-лицейдің күрделі жөндеуі не себепті кешеуілдеп жатқанына қатысты пікір білдірді.
– Бұл мектеп-лицейге құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге тапсырыс беруші біздер. Бұған 351 млн теңге қаржы бөлінді. Мердігер – шымкенттік «ГрадСтройСервис».2022 жылдың сәуірінде басталған құрылыс-монтаждау жұмыстары желтоқсан айында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ өзіңіз көріп тұрғандай аяқталған жоқ. Мердігер мен келісім шарт осы жылдың соңына дейін ұзартылды. 2022 жылға бөлінген қаржы толықтай игеріліп, енді 2023 жылға қаражат қарастырудамыз. Қазір мектеп-лицейдің ішкі жұмыстарын 12 адам істеп жатыр. Сыртқы жұмыстарына жұмысшылар әлі келген жоқ. Күтудеміз,-дейді Казталов ауданы білім бөлімінің әдіскері Нұрлан Жасқалиев.

Ол тілшінің «Құрылыс жұмыстары нақты қашан бітеді? Оқушылар қазір қайда оқып оқып жатыр? Олар мектепке қашан орала алады?» деген сауалына: «Қашан аяқталатынынайта алмаймын. Себебі қаражат келуіне байланысты. Қалған 49 млн теңге қаражат келсе, жөндеу жұмыстары толық бітеді. Қазір 587 оқушы кітапхана, балалар саз мектебі, мектеп-лицей жанындағы интернатта, жастар ресурстық орталығында, балалар шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығының ғимаратында бөлініп оқып жатыр»деп жауап берді.

– Егер қаржы келмесе не болады?-деп «Орал апталағы» тілшісі және сұрақ қойды. Бұған Нұрлан Жасқалиев «Қазіргі таңда 82 пайызға жұмыс бітіп тұр. Мамыр, маусым айларына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз» деп қойылған сұраққа нақты жауап бермеді.
Нұрлан Жасқалиев мектеп-лицейдің құрылыс жұмыстарына жұмыс күші жетіспейтінін айтты.
– Негізі, мынадай үлкен нысанның күрделі жөндеуінде 35-40 адам жұмыс істеуі керек. Қазір тек 12 адам істеп жүр. Біз мердігерге тағы жұмысшылар алыңыздар деп айттық, -дейді ол.
Казталов мектеп-лицейінің кіреберісіне төселген өрнектас та сапасыз салынған. Мұны Нұрлан Жасқалиевтің өзі көрсетті.
– Көріп тұрғандарыңыздай қалай болса солай, қиысық-қисық салған. Көктемде мердігерге барлығын алдырып, қайтадан төсетеміз,- деді.
«Орал апталығы» тілшісі оқушылардың қандай жерде, қандай бөлмеде оқып жатқанын көру үшін алдымен бастауыш сынып оқушылары білім алатын кітапхана мен мектеп-лицей жанындағы интернатқа барған.Алғашында мұғалімдер ішке кіргізбеді.Казталов ауданы мектеп-лицейінің директоры Нұрлан Хайрушев келгеннен соң рұқсат етті.
– Мектеп алды даярлық пен 1-4 сынып оқушылары орталықтағы кітапхана, балалар саз мектебі және мектеп-лицей жанындағы мына интернатта оқиды. Оқушыларға барлық жағдай жасалған, -деді бөлмені көрсеткен Нұрлан Хайрушев.
Бастауыш сынып оқушылары оқитын жер орталықта болғанымен қалған сыныптағы оқушылар баратын орын қашықта. Мәселен, жастар ресурстық орталығы мен балалар шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығына жету үшін біраз жүруге тура келеді.Тілші бұл орталықтарға барғанда ғимараттың тым ескі екенін, коридоры салқын, әжетхана сыртта екенін, мұғалімдер бір бөлмеде сығылысып отырғанын көрді.
– Біздерге «журналисті кіргізбеңіздер» деп жоғарыдан тапсырма берді» деді ресурстық орталықта отырған бір мұғалім.
Аты-жөнін атамаған ол тапсырманы нақты кім бергенін айтқан жоқ.
– Сіздер бастауыш сынып оқушылары оқитын жердің жарқыраған жерін көрдіңіздер ғой. Мына жерде жағдай онша емес, төмен. Біздер бәріне көнеміз. Ата-аналар да, ұстаздар да барлығымыз осыған көндігіп отырмыз. Бірақ осыған қарамастан сабақ процесі толық жүріп жатыр, -деп қысқа ғана пікір білдірген тарих пәнінің мұғалімі Гүлнүр Әжғалиева әрі-бері қатынау мұғалімдерге қиындық туғызып жатқанын айтты.
Казталов ауданының әкімі Рүстем Зулкашев балалардың әр жерде тентіреп оқуы – білім сапасына кері әсерін тигізеді дейді.
– Міндетті түрде кері әсерін тигізеді. Оқушылар бір жерде оқуы керек. Қазір анда-мында шашырып оқып жүр, – деді Рүстем Зулкашев.
«Орал апталығы» тілшісі аудан әкіміне «Біз жаңа оқушылар оқып жатырған бөлмені көруге барғанбыз. Ол жерде ұстаздар бізді кіргізбеуге жоғарыдан тапсырма берілгенін айтты. Сіз осындай тапсырма бердіңіз бе?» деп сұрады.
– Мен ондай тапсырма бергем жоқ. Оқушылар оқып жатырған бөлмені түсіруге ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Неге олар өйтіп жатқанын анықтаймын. Оқушылардың оқып жатқан жерлерінде жағдайдың төмен екені рас қой. Оны сіздерден жасырып қалған да бізге не пайда?, – деді Рүстем Зулкашев.
Аудан әкімінің осы жауабынан соң «Орал апталығы» тілшісі жастар ресурстық орталығына тағы барды. Бірақ Казталов ауданы білім бөлімінің әдіскері Нұрлан Жасқалиев пен мектеп-лицей директоры Нұрлан Хайрушев бөлмені көрсеткілері келмеді.
– Сіздің қызметтік куәлігіңізді көрсек, аккредитциядан өттіңіз бе?, – деді Нұрлан Жасқалиев тілшіге.
– Аудан әкімі Рүстем Зулкашев оқушылар білім алатын бөлмені көруге, түсіруге рұқсат етті ғой, сіздер неге кедергі келтіріп тұрсыздар?,- деді «Орал апталығы» тілшісі.
– Сіз жазбаша рұқсат алып келіңіз. Біз бөгде адамды мектепке кіргізе алмаймыз,- деді Нұрлан Жасқалиев.
– Жазбаша рұқсатты кімнен, Казталов ауданы әкімі Рүстем Зулкашевтан алуым керек пе? деп тілші тағы сұрақ қойды.
Бұл сұраққа Нұрлан Жасқалиев «Былай істейік, қазір сабақ процесі аяқталсын, сосын сізге кабинетті көрсетеміз» деді.
Кішкенеден соң бос тұрған бөлмеге ертіп апарды. Мектеп-лицейдің директоры Нұрлан Хайрушев аядай ғана бөлмеде 10-сыныптың он оқушысы білім алатынын айтып, «барлығы жақсы» деді.
«Орал апталығы» тілшісі Казталов мектеп-лицейіне күрделі жөндеу жүргізіп жатырған мердігер «ГрадСтройСервис» ЖШС-на хабарласқан, алайда қоңырауға ешкім жауап бермеді.
Есенжол Елекенов