БҚО-да жаңа салынған жолдың шұрық-тесігі шығып жатыр
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы орталығы Казталов ауылы мен Әжібай ауылы арасына салынған жол бір жылдың ішінде шұрық-тесік болды. Бұл жолға облыстық бюджеттен 208 млн теңге қаржы жұмсалған.

2021 жылы басталған жол құрылысын «Жайық Сити» ЖШС салған. Жолдың техникалық қадағалаушы — «Музтау» ЖШС болса, авторлық қадағалаушы — «STROYCONSALTING» ЖШС.
Әжібай ауылының әкімі Жігер Жакиев жолдың ойдым-ойдым болып тесіліп қалуы — сапасыз салынғандықтан дейді.
– Жол сапасыз салынғандықтан ойылып, тесіліп жатыр. Бұл жол әлі қабылданған жоқ. Мынадай күйде қабылдай алмаймыз ғой,-деді қысқа пікір білдірген Жігер Жакиев.

Ал Казталов ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Артур Берденов болса, жолды қабылдап қойғандарын айтады.
– Біз жолды қабылдап алдық. Қабылдаған кезде бәрі дұрыс болды. Жолдың бұзылып жатқанын мойындаймын. Мен қаңтар айының 4-і күні акт жасап, мердігерге жолдадым. Енді мердігер ауа райы ыңғайлы болған кезде жолды қалпына келтіреді,-дейді Артур Берденов.
Ол жолдың шұрық-тесігі шығуын асфальттың құрамында битумның аз болуымен байланыстырып отыр.
– Жолдың тесіліп қалуына негізгі фактор битумнің аз болуынан деп ойлаймын. Жолды қабылдар алдында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының мамандары асфальттың құрамы жақсы деп берді,-дейді Артур Берденов.
Оның айтуынша, жалпы ұзындығы — 3,2 шақырым жолдың 2021 жылы 1 шақырым, 300 метрі салынған. Қалған 1 шақырым, 900 метрі өткен жылдың күзінде аяқталған.
«Орал апталығы» тілшісі «Жайық Сити» ЖШС басшысы Мереке Молдағалиевке бірнеше рет хабарласқанымен, қоңырауға жауап бермеді.
Есенжол Елекенов