Спорт кешенінің құрылысы неге тоқтап тұр?
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысы тоқтап тұрғанына бірнеше жылға жуықтаған. Кешен құрылысының тоқтауына металдардың қымбаттауы себеп болған. Енді бұл нысан қашан толық салынып бітетіні белгісіз. Кешен құрылысына тапсырыс беруші – «Қарашығанық Потролеум Оперейтинг Б.в» компаниясы 557,7 млн теңге бөлген.

Казталов ауылының тұрғыны Нұрлан Хұсайнов дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысы тоқтағанына сегіз жыл болғанын айтады. Ол спорт кешеніне Данияр Елеусіновтың есімі беріледі деп жоспарланды дейді.
Аудан әкімі Рүстем Зұлқашев спорт кешенінің құрылысы тоқтағанына сегіз жыл емес, екі жылдан асқанын айтады.
– 2020 жылы басталып, 2021 жылы тоқтады. Құрылыс жұмысының тоқтауына негізгі фактор – инфляциялық қымбаттау. Сондай-ақ жобада кемшіліктер анықталып, ғимараттың конструкциясына өзгеріс енгізу керек деген мәселелер туындағасын қайта есептеуге жібердік. Енді экспертизадан өтіп, конкурстық процедуралар басталса, спорт кешенінің құрылысы жалғасады. Нысанды міндетті түрде пайдалануға береміз,-деді Рүстем Зұлқашев.
«Орал апталығы» тілішісі тапсырыс беруші – «Қарашығанық Потролеум Оперейтинг Б.в» компаниясына барған, алайда компания өкілдері сұраққа тек ресми хат арқылы ғана жауап беретіндерін айтты.

Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің сыйымдылығы — 320 адамға дейін. Бұл ғимараттың құрылысын жүргізген «ТасқалаТрансГаз» ЖШС мен байланысу мүмкін болмады. Себебі мердігер компанияның интернет желісінде көрсетілген телефон нөмірлеріне қоңырау бармайды.
Мұндай кешен құрылысы тек Казталов ауданында ғана емес, Тасқала, Ақжайық ауданында да тоқтап тұр. Тапсырыс беруші сол – «Қарашығанық Потролеум Оперейтинг Б.в» компаниясы.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
Фото мен бейне Еркебұлан ГАПУОВТІКІ