Мұндай тектес дала жануары біздің өңірді мекен етпейді: Қыстақты паналаған бұғы
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Үміт қыстағында бұғы тұқымдас дала жануары бағымдағы малмен бірге бағылуда.
Әлеуметтік желіге Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Үміт қыстағына 1 бас бұғы тұқымдас дала жануары бағымдағы малға қосылғаны туралы ақпарат тарады.
Бұл ақпараттың дұрыстығын тексеру мақсатында Батыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының келісімімен Үміт қыстағындағы «Үміт» шаруа қожалығына ат басын тіредік. Бұғыны көру үшін «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты бақылау басқармасы басшысының орынбасары Бисебай Төлепов, Тереңкөл ауылдық округінің жетекші мал дәрігері Бекболат Аяповпен бірге барып қайттық.
Шаруашылықтағы Айдос Искаковтың айтуынша, осыдан 3 үш күн бұрын жайылымдағы малға бұғы тұқымдас дала жануары қосылған. Сирек кездесетін жануарды шаруашылық иелері қораға қамап, тиісті орындарға хабарлаған.
Дала жануарын көруге барған мал дәрігері Бекболат Аяпов жануарға сыртқы қарау жүргізіп, төмендегі сипаттамасын берді.
«Бұғы тұқымдас дала жануарының түсі қызғыт-қоңыр. Мүйізі қалыпты жетілген. Шамамен жасы бір жаста. Көру қаблеті жақсы. Сыртқы келбетінде жарақат белгілері жоқ. Құлағында сырғасы жоқ.»
«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты бақылау басқармасы басшысының орынбасары Бисебай Төлепов: – Қыстаққа келіп малға қосылған жануар біздің болжауымызша, Ресей территориясынан келген. Мұндай тектес дала жануары біздің өңірді мекен етпейді. Жануар қолға тез үйренгені байқалады. Қорада тұрға дала малы жем-шөп жеп, су ішіп тұр. Соған қарағанда арнайы қорықта немесе басқа да арнаулы орында ұсталғаны анық. Адамнан үркімейді. Біздер шаруашылық иесімен дала жануарын бағу үшін келісім шарт жасап жатырмыз. Ол үшін қажетті жем-шөбін жеткізіп береміз. Алдағы уақытта ғалымдар келіп, жануарды зерттеп, нақты қай түрге жататынын анықтайтын болады.
@bokey.orda_rezervaty
Осының алдында ғана батысқазақстандық орманшының көлде жалғыз қалған аққуды үйінде бағып отырғанын жазған болатынбыз.