БҚО-да сұйытылған газ сатқандарға айыппұл салынды
Бағаны бекіткені үшін сұйытылған газ сатушы екі азаматқа әкімшілік айыппұл салынды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «Алау» ЖШС мен «KuBA Corp» ЖШС-ға қатысты істі тергеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
«Бағаны ұстап тұру бөлігінде көлік құралдарына жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстардың нәтижесін бұрмалау арқылы бәсекелестікке қарсы көлденең келісімдер белгілері анықталды», деп хабарлады ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті.
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған соты «Алау» ЖШС-ға 325 878 теңге монополиялық кірісті тәркілеумен 196 783,11 теңге айыппұл салды. Сот шешімімен «KuBA Corp» ЖШС-ға 127 898 теңге монополиялық кіріс тәркіленіп, 54 568 теңге айыппұл салынды.
11 қаңтарда мәжіліс депутаттары газ бағасын мемлекеттік реттеуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Сондай-ақ, 2023 жылғы 24 қаңтарда жоғарыда аталған субъектілердің атына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуды тоқтату туралы ұйғарым шығарылды.
Нұсқама оны алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде орындалуға тиіс.
Сонымен қатар, Департамент барлық бизнес субъектілеріне Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының нормаларын сақтау қажеттігін еске салады.