4 проценттік автокредиттің электронды кезегі іске қосылады
Жеңілдетілген автокредиттің электронды кезегі 6 ақпанда іске қосылады. Бұл туралы өнеркәсіпті дамыту қорының басқарушы директоры Ғалымжан Әди мәлімдеді.

Электронды кезек үшін арнайы autonesie.kz сайты әзірленді. Порталды алдымен пилоттық жоба ретінде сынап көреді.
Өтінімдерді қабылдау 6 ақпан күні сағат 10:00-де басталады. Компьютерге NCALayer бағдарламасын ортанып алған жөн. Себебі электронды цифрлық қолтаңбаны қою керек болады. Сайтта өтінішті орындау барысын бақылап отыруға мүмкіндік болады.
«Қазіргі кезде револьверлік қаржының көлемі 7,6 миллиард теңгені құрап отыр. Ал несиенің шекті көлемі 10 миллион теңге. Сондықтан платформа қосылғанда 760 адам тіркеле алады. Адам саны соған жақындаған кезде платформа автоматты түрде жабылады және өтінім қабылдамайды «, – деді Әди бүгінгі брифингте.
Ақпан айында тіркелуге үлгермеген адамдар келесі айда өтініш жібере алады.
«Келесі айда қайтарылған ақшаның көлемі, шамамен, 100 адамға жетеді. Сондықтан платформа ай сайын ашылған кезде 100-ден астам орын болады», – деп атап өтті Әди.
Өнеркәсіпті дамыту қорының басқарма мүшесі Ринат Ғаппаров электронды кезекке тұру тәртібін түсіндірді.
«Cайтқа кіргеннен кейін «Өтінім беру» батырмасын басасыз. Сосын электронды цифрлық қолтаңбаны қолдану керек. Сол кезде адамның аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі автоматты түрде шығады. Одан кейін тек телефон нөмірі мен автоөндірушіні ғана енгізу керек. Сөйтіп, қол қойып, өтінімді жібересіз», – деді Ғаппаров жаңа платформаны таныстыру рәсіміне арналған брифингте.
Оның айтуынша, электронды кезекке өтінім бергенде көліктің моделін таңдауға мүмкіндік болмайды. Өндіруші кәсіпорын ғана көрсетіледі. Ал өтінім мақұлданғаннан кейін салонға бару керек.
«Өтінімнің мақұлданғаны да көрсетіледі. «Сіз сәтті тіркелдіңіз» деген жазу шығады. Осыдан кейін салонға барып, көліктің моделін таңдайсыз да, төлем есепшотын аласыз. Сосын банкке барасыз. Сол жерде төлем қабілеттілігін растау керек. Көлікті рәсімдеу шараларын 6 күннің ішінде аяқтау керек», – деп түсіндірді Ғаппаров.
Автосалондар мен банктер адамның электронды кезекте тұрғанын, я тұрмағанын тексеріп отырады.
Өтінім үш жағдайда, атап айтқанда, өтініш беруші бағдарлама бойынша көлік алған болса, екінші рет өтінім жіберсе, автокредит беруге қаржы жетіспесе, кері қайтарылады.
Айта кетері, ақпан айында 761 өтінім қабылданады. Себебі револьверлік қаржының көлемі 7,6 миллиард теңгені құрайды. Ал автокредиттің шекті сомасы – 10 миллион теңге. Келесі айдан бастап 100 өтінім қабылданады.