Оралда мәжіліске үміткер ретінде жеті адам тіркеліп, біреуі сай емес танылды
Облыстық сайлау комиссиясына күні бүгінге дейін мәжіліске жеті адам өз-өзін ұсынып отыр. Әзірге қандай да бір партия атынан адам құжат тапсырмаған.

Кеше, 1 ақпан күні облыстық сайлау комиссиясының жиыны өтті. Комиссия мүшелері мәжіліске үміткер болып тіркелген Ақылбек Дауымшар мен Оксана Дементиевская заң талаптарына сай келе ме, жоқ па соны қарады. Алайда бұл жиынға Ақылбек Дауымшар қатысқан жоқ.
Комиссия мүшелері оған бірнеше рет хабарласқандарын, алайда ол телефонға жауап бермегенін айтты.
– Комиссия отырысына үміткердің өзі міндетті түрде қатысуы керек. Үміткер қатыспаса, оған шешім шығара алмаймыз,-деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.
Ол Оксана Дементиевская барлық заң талаптарына сай келетінін айтып, комиссия мүшелеріне дауыс беруді ұсынды. Барлығы мәжіліске үміткер Оксана Дементиевскаяны сай келеді деп шешім шығарды.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов осыған дейін мәжіліске үміткер Жанат Есентаев пен Талғат Қатауовтың құжаттарын қарағандарын айтады.
– Ол жиынға Талғат Қатауов қатысқан жоқ. Біз хабарласқанда ол кісі Түркістан облысына кетіп бара жатқанын айтты. Және Талғат Қатауов заң талаптарына сай келмейді. Өйткені көші қон қызметінің бізге берген анықтамасында Қатауов алты жылдай тіркеуде болмағаны жазылған. Ал Жанат Есентаев та барлығы дұрыс, сай келеді,-деген Ғайса Қапақов алдағы сайлау жүз пайыз «әділ өтеді» деп баға берді.
«Орал апталығы» тілшісі Талғат Қатауовтың өзіне хабарласқан. Ол сайлау комиссиясының «сай емес» деген шешіміне келіспейтінін айтты.
– Мені өткізбес үшін әдейі істеп отыр деп есептеймін. Мен Қазақстан аумағынан ешқайда шыққан емеспін. Бұл шешіммен түбегейлі келіспеймін,- деді Талғат Қатауов.
Айта кетейік, облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, облыстық мәслихатқа – 18, қалалық мәслихатқа –28, аудандық мәслихатқа – 292 үміткер құжаттарын тапсырған.
Кандидаттарды ұсыну нашар жүріп жатыр-деп есептейді «Жария» байқаушылар қоғамдық бірлестігі басшыларының бірі Нұрболат САТАҒҰЛОВ.
– Аудандарда ескі үлгілер бойынша»нұраманат» әкімдігінің тізімдері бойынша кандидаттар ұйымдастырылды. Тәуелсіз ұстанымы бар белсенді азаматтар арасынан нағыз өзін-өзі ұсынушылар аз. Мәслихаттың сапалы құрамын көргім келеді. Сайлаушылардың мүдделерін дұрыс қорғай алатын, адамдардың нақты мәселелеріне бюджетті бөлуге ұмтылатын адамдар сол жерден өтуі үшін.