Түркістанда суға кеткен үш адам құтқарылды
Бәйдібекте суға кеткен үш адам құтқарылды. Олардың бірі – бала. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Байтақ ауылының маңында тасыған суға көлігімен бірге ағып кеткен үш адам құтқарылды. Бұл туралы Orda.kz тілшісіне облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Департамент мәліметінше, жауын суына көлігімен қоса ағып бара жатқан үш тұрғын құтқарылған. Олардың бірі 2014 жылы туған бала. Екеуі – ер адам. Қазір тұрғындар қауіпсіз жерге жеткізілген.
Бұдан бұрын әлеуметтік желіде тасыған судың ортасында қалған көліктің үстіне шығып көмек сұраған адамдар туралы видео тараған.
Түркістан облысында жауын-шашын салдарынан Кентау, Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Сауран, Ордабасы ауданындағы бірнеше ауылды су басты. Түскі мәлімет бойынша жауын тоқтап, судың беті қайтқан. Қазірге шығын көлемі белгісіз. Қатты жауын-шашын мен қалың қардың еруі салдарынан су деңгейі көтерілген.
Су тасқынына байланысты Сауран ауданында 7 мектеп онлайн оқуға көшкенін Orda.kz тілшісіне облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы хабарлады. Ал қалған аймақтардағы оқушылардың жайы әзірге белгісіз.
Түркістан облысында ТЖД күшімен су басқан аула аумақтарынан 154 адам эвакуацияланды. Эвакуацияланған адамдар туыстарының үйлеріне кетті.
Мәлімет бойынша, 300-ден астам адам, 50-ден астам техника, 25 мотопомпа суды сорып шығару және ағызу жұмыстарына жұмылдырылды. Өңірге министр Юрий Ильин ұшып шықпақ.
«Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Жергілікті атқарушы органдардың күштерімен үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 2500 бірлік көлемінде құм салынған қап төсеу жұмыстары жүргізілуде. Майдантал ауылында каналдарды өткізу арқылы суды бұру және ағызу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аула учаскелерін су басуына жол берілмеді. Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде жол төсемін су шайды. Ордабасы ауданындағы «Найман» және «Құртай» суару каналдарында су деңгейінің көтерілуі тіркелді, қазіргі уақытта суды Арыс өзеніне ағызу жұмыстары жүргізілуде. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Жауын-шашын тоқтады, бірақ су ағыны жалғасуда», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Дереккөз: Оrda.kz