Оралда редакция алдына төрт адам келіп, Ресейді қолдап митинг өткізді
Оралда редакция алдына төрт адам келіп, Ресейді қолдап митинг өткізді.

Олардың қолдарында «Уральская неделя» провакатор», «не раскачивайте наш шаңырақ», «Мы за мир, за дружбу», «Л.Ахмедяров и «Уральская неделя» разжигают межнациональную рознь» деген жазуы бар плакат болды.
- Бұқаралық ақпарат құралдарына «Орыстарды Қазақстан аумағынан шығарып жіберу керек» деп жазып, айтып жүргендер ұлтаралық қақтығысқа бастайды. Осыны қолдап жүрген кей адамдар Қазақстанда да соғыс болғанын қалайтын сияқты. Мен Қазақстанның жарқын болашағын қолдаймын,бұл жерден ешқайға кетпеймін, Қазақстан Алға!,-деді наразылардың бірі.
«Орал апталығы» тілшісі олардан редакцияның алдына не себепті келіп, митинг өткізіп тұрғандарын сұрады.

– Келген себебіміз – мына кісі (плакатқа атын жазып алған Лұқпан Ахмедяровты айтып тұр – ред) таза шайтан, қазақтар мен орыстарды қырқыстырғысы келіп отыр. Ол Қазақстанның тыныш тұрғанын көре алмайтын, үкіметке көңілі толмайтын адам. Соған біздер қарсымыз. Қазақстан тыныш тұр ма? Тыныш тұрсын! Неге ол керосин құяды? Тыныш тұрған халықты дүрліктіріп, Ресейге қарсы қойып жатыр. Мұндай адамдарды Қазақстанда тұрғызбау да керек, қуу керек,-деді аты-жөнін атамаған тағы бір наразы.
Ол Ресейді қолдайтынын ашық айтып, Ресей мен Украина арасындағы соғысты «дінсіздер соғысы» деп атады.
– Мен Ресейді қолдаймын. Өмір бойы көрші болып келе жатырмыз. Олардан ешқандай жамандық көрген жоқпыз. Ал Украинаны білмеймін, ол жақта болған жоқпын. Шариғатта да көршіге қолдау көрсету парыз. Құранда «дінсіздер мен дінсіздер, мұсылмандар мен мұсылмандар соғысады» делінген. Демек, солай болып жатыр. Біз Қазақстанның тыныштығын сақтағымыз келеді. Араға от салатындарды қуу қажет, менің балаларым осындай адамдардың (Ахмедяровты айтып тұр – ред) кесірінен қырылғанын қаламаймын,-деді.

Кішкенден соң қалалық ішкі саясат қызметкері Ерлан Нағимов келіп, олардың әрекеті заңсыз екенін айтты. Наразылар плакаттарын жинап кетіп қалды.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
Бейне мен фото Еркебұлан ГАПУОВ