Сайлау комиссиясы мәжіліске сәйкес емес деп таныған екі кандидатты қайтадан тіркеді
Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы мәжіліс депутаттығына үміткер болған Нұрлан Карин мен Талғат Қатауовты 10 жыл тұрақты тіркеуде болмағандары үшін осыған дейін «сәйкес келмейді» деп таныған еді.
Енді бұл екі кандидаттың құжаттарын қайтадан қарап, сәйкес келеді деп танып отыр. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов не себепті шешімдерін аяқ астынан өзгерткендерін былай деп түсіндірді.
-Талғат Қатауов алты жыл, Нұрлан Карин үш жыл тіркеуде болмағандары үшін біз сәйкес емес деп таныған болатынбыз. Енді өзіміздің бастамамызбеноларға көмектесейік деп көші-қон қызметіне қайтадан хат жолдап, бұл екі үміткержөнінде толық мәлім берулерін сұрадық. Көші-қон қызметінің қайтадан берген жауаптарын қарап, Карин мен Қатауовты шақырып, сәйкес келеді деп шешім шығардық. Мұндай практика тек бізде ғана емес, басқа облыстарда да бар. Кандидаттардың көп болғаны жақсы ғой,-дейді Ғайса Қапақов.
Ол мәжіліске өз-өзін ұсынған үміткер Дархан Сариев құжаттарын қайтарып алғанын айтады.
– Бұл кісінің өзі келіп, «мен ары қарай бармаймын» деп арызын жазып кетті,-дейді Ғайса Қапақов.
Ал мәжіліс депутаттығы үміткерлігінен бас тартқан Дархан Сариев бұл қадамға анализ жасап барып, шешім шығарғанын айтты.
– Менен де мықты кандидаттар бар екенін көріп отырмын. Оларды халық қолдайтынына сенімдімін. Сол мықты үміткерлерге облыстағы экология мәселесіне қатысты ойларымды айтамын. Бұл – саяси бәсеке де мәжіліс депутаты болуға мүмкіндігі бар кандидаттар «шайқасады». Мәжіліске кім өтсе де, сонымен жұмыс істеймін,-дейді Дархан Сариев.
Тақырып бойынша оқыңыз: Лұқпан Ахмедьяров пен Абзал Құспан мәжіліске сайлауға қатысуға өтініш білдірді
Есенжол Елекенов