БҚО-да жаттықтырушы балаларды не үшін ұрды? (Видео)
Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылында балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресінен жаттықтыратын Қайсар Құсайнов екі баланы ұрған. Жаттықтырушының балаларды соққаны жөніндегі видеосын «Орал апталығы» редакциясына аты-жөнін көрсетпеуді сұраған ауыл тұрғыны жолдады.
Видеода Қайсар Құсайнов жаттығу кезінде қасына келген екі баланы кеудесінен, басынан ұрады. Тіпті бір баланы жұлқылап отырғызып алып, бетінен бірнеше рет соққаны анық көрінеді.
Жаттықтырушыдан«таяқ жеген» Нұрдаулет Қайсар Құсайнов басқа жаттықтырушыға ауысып кеткендері үшін соққанын айтады.
– Қай жаттықтырушыға ауыссақ та өзіміз білеміз ғой. Досым екеумізді осы үшін ұрды. Сосын ата-анаммен полицияға барып үстінен арыз жаздық. Содан кейін ғана бізден кешірім сұрады. Егер арыз жазбасақ кешірім сұрамайтын еді,-дейді Нұрдаулет.
Оның анасы Сәуле Уәлиахметова жаттықтырушының балаларды ұрмақ түгілі саусағының ұшын тигізуге қақысы жоқ екенін айтты.
– Кеште жұмыстан келсем баламның беті қызарып тұр. «Не болды?» деп сұрасам айтпады. Бірнеше рет сұрағаннан кейін ғана барып, жаттықтырушының ұрғанын айтты. Қайсардың баламды ұруға қандай қақысы бар?! Ешкім баласын спортқа жаттықтырушы ұрсын деп бермейді ғой. Біз полицияға арыз жазғаннан кейін Қайсар үйге келіп, аяғымызға жығылып кешірім сұрады. Енді оның да бала-шағасы болғасын, қателеспейтін адам болмайды ғой деп, біржолға кешірім беріп, полициядан арызды қайтып алдым,-дейді Сәуле Уәлиахметова.
Ал жаттықтырушы Қайсар Құсайнов болса, балаларды ашумен ұрдым деп отыр.
– Жаңадан бір жаттықтырушы келіп, менің шәкірттерімді «тартып алды». Осыған ашуланып, «неге маған ескертпей кетіп қаласыңдар?» деп балаларды ұрғаным рас. Бұл қылығым үшін балалардан, ата-аналардан кешірім сұрадым,-дейді Қайсар Құсайнов.
Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінің басшысы Сергей Астафьев бұл жағдай бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын, бірақ жаттықтырушы мен балалардың ата-анасытатуласқан соң, хаттаманы қарау тоқтатылғанын айтты.
Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нығметуллин бұл оқиғадан хабарсыз екендерін айтады.
-Бізге ешкім шағымданған емес. Сіз жіберген видеоны көргеннен кейін ғана білім отырмыз. Енді бұған қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізетін боламыз. Содан кейін шешім қабылданады,-деді Жеңіс Нығметуллин.
Есенжол Елекенов