БҚО тұрғындары чектерді бермеу туралы ақпарат үшін 535 мың теңге алды
2022 жылы «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясы аясында батыс қазақстандықтар салық органдарына сатушылардың фискалдық чектерді бермеуі фактісі бойынша 852 шағым жіберді. Оның ішінде 535 шағым расталды, 312 шағым расталмады, 5 шағым жұмыс үстінде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, қайта бұзушылық бойынша расталған 535 шағымның жалпы сомасы 451 792 теңгеге 15 салық төлеуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Чек берілмегені туралы хабарлаған адамдарға ЖТС шегеріле отырып, 535 мың теңге төленді.
Айнабеков «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясы аясында адамдар App Store және Play market — тен «WIPON CASHBACK» тегін мобильді қосымшасының көмегімен сауда орындарындағы бұзушылықтар туралы хабарлай алатынын және фискалдық чекті бермеу фактісі расталған жағдайда телефон балансына сыйақы (ЖТС шегеріле отырып-1000 теңге) алатынын түсіндірді. Хабарлама жіберген кезде объектінің мекенжайын, оның атауын, кәсіпкерлік қызмет объектісі иесінің аты-жөнін көрсету қажет.
