Зейнетақы мен жәрдемақылар туралы ақпаратты мобильді қосымшалардан алуға болады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алынатын зейнетақы және әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар туралы анықтама беру процесін автоматтандырды. Енді бұл қызмет екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қолжетімді.
Бұрын бұл ақпаратты тұрақты тұратын жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бөлімшелерінен алуға болатын еді.
Қызметті автоматтандыру қажеттілігі үлкен сұранысқа ие болып, тек 2022 жылы 210 мыңнан аса адам анықтама алды.
ЕХӘҚМ ЕДБ-мен бірлесіп, 15 минут ішінде мобильді қосымшалар арқылы электрондық форматта қызығушылық тудыратын деректерді алу мүмкіндігін іске асырды.
Анықтаманың цифрлық нұсқасында алынған және белсенді төлемдердің мөлшері туралы ақпарат бар. Көрсетілетін қызметті алушы 2016 жылдан бастап кез келген кезеңді (ең жоғары кезең – 3 жыл) таңдай алады.
Қазір қызмет «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мобильді қосымшасында қолжетімді. Жақын арада осы ақпаратты алу мүмкіндігін «Kaspi Bank» АҚ қосымшасында іске асыру жоспарланып отыр.
Мобильді қосымша арқылы алынған жәрдемақылар, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер туралы анықтама беру ақпарат алу процесін жеңілдетеді және оңайлатады. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджетті айтарлықтай үнемдейді.