БҚО: Орал қаласы мен екі ауданда су тасуына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін
БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі таңда облыс орталығына қоса Бәйтерек және Қаратөбе аудандарында төтенше жағдай жариялау қарастырылуда.
Оның айтуынша, мұндай шараларды қабылдау осы аумақтарда төтенше жағдайларды болдырмау бағытында ерте бастан күш-құралды жұмылдыру үшін керек. Су басып кетсе, шығын төрт есе көбейеді.
2011 жылғы тасқын кезінде Орал қаласы мен Бәйтерек, Тасқала аудандарында көптеген үйлердің суға кеткені белгілі.
«Салыстырып қарағанда, 2011 жылғы су деңгейі қазіргіден сәл төмен. Көптеген іс-шаралардың уақтылы жүргізілуі нәтижесінде, мысалы, Тасқала ауданында судың беті қайтты. Кеше Деркөл өзенінде 18 сағат уақыт ішінде су екі метрге көтеріліп, Тасқала ауылының шетіндегі үйдің ауласына кірді. Дер кезінде жасалынған жұмыстардың арқасында қауіп сейілді. Сол секілді кеше Бәйтерек ауданы Асан ауылында Қ.Сәтбаев және А.Байтұрсынов көшелеріндегі үйлердің аулаларына су келді. Теректі ауданы Подстепный ауылында да ылди жерде орналасқан үйлердің аулаларынан мотопомпамен су сорылды. Тағы бір айта кететін жайт, Теректі, Ақжайық және Қаратөбе аудандарында жол бойындағы тұрбалардың көлемі суды өткізуге сай келмейді. Сондықтан екі жақтағы көлік қозғалысын шектеп, жолды жыру жұмыстары атқарылады. Мұның алдында Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарында осындай шара қабылданып, қазіргі уақытта жолдар қалпына келтірілді», деді Е.Өтегенов.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев шаһар аумағында су басуы мүмкін 86 учаске болса, соның 75-і бау-бақша серіктестігінің негізгі бөлігі орналасқан өзен жайылмаларында екендігін жеткізді. Оларда 20 839 адам тұрақты тұрады. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Күні бүгінге дейін қала аумағында 8 жеке тұрғын үйге су кіру дерегі тіркелді, мұның себебі – іргетасы аласа, аулалардан қар уақтылы шығарылмаған. Сол секілді қала бойынша 9 ғимараттың жертөлесіне кірген су сорылды. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде №49 мектептің жертөлесінен су сорылуда.
Облыс бойынша: күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында аздап жаңбыр жауады. Облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде тұман. Солтүстік-шығысқа ауысатын оңтүстік-батыс жел 9-14 м/с. ауа температурасы түнде 1-6, күндіз 3-8, облыстың оңтүстік-батысында 11 жылу.
Орал қ.: ауыспалы бұлттылық, күндіз аздап жаңбыр жауады.
Түнде және таңертең тұман. Солтүстік-шығысқа ауысатын оңтүстік-батыс жел 9-14 м/с. Ауа температурасы түнде 2-4, күндіз 6-8 жылу.
Батыс Қазақстан облысында аралас жауын-шашын болжамына, температуралық фонның жоғарылауына байланысты қарқынды қар еруі, беткейлік ағын қалыптасуы, мұз жібуі және өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Судың жайылуы және тасқыны болуы ықтимал.