Еуропалық одақ Батыс Қазақстанда жел және күн электр станцияларын салады.
Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты.
«Өткен жылдың қазан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңестің Президенті Шарль Мишельдің қатысуымен Батыс Қазақстанда жел және күн электр станцияларын орнату және 2030 жылдан бастап 3 млн тонна «жасыл» сутекті өндіру бойынша құны 30-40 млрд еуро болатын ірі еуропалық «Svevind» компаниясымен маңызды келісімге қол қойылды. Бұл Еуропалық одақтың осы өнімге деген қажеттілігінің бестен бір бөлігін құрайды», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Бүгінде Еуропалық одақ Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып саналады. Ол жақтан келген тікелей инвестицияның көлемі 160 млрд доллардан асты. Былтыр тоғыз айдың ішінде қаржының көлемі 10 процентке өсті. Екіжақты сауда-саттық та арта түсті. Сыртқы сауданың 30 процентін Еуропалық одақ алып отыр. Өткен жылы рекордтық көрсеткіш тіркелді. Қазақстан мен Еуропалық одақтың арасында сауданың көлемі 40 млрд долларға жетті.
«Осы жоғары динамиканың жалғасы ретінде биыл біз Еуропалық одақтың президенті Урсула фон дер Ляйенді Қазақстанға іссапармен келеді деп күтіп отырмыз. Осы сапардың символдық мәні бар. Қазақстан мен Еуропалық одақтың арасында қарым-қатынас орнатылғанына 30 жыл толып отыр», – деді Василенко орталық коммуникациялар қызметінде.
Қазіргі кезде Қазақстанда еуропалық капиталы бар 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді.