Тілші бақылаған учаскеде сайлау қалай өтті?
Орал қаласындағы №471 сайлау учаскесінде дауыс берушілер саны өте төмен болған. Бұл учаскеге 2260 адам тіркелген болса, соның тек 411-і ғана өз таңдауын жасаған. Электораттардың дауыс беру көрсеткіші – 18 пайыз. Учаске төрайымы Лаура Шаркубенова 2022 жылы өткен президент сайлауымен салыстырғанда дауыс беру белсенділігі төмен екенін айтады. «Орал апталығы» тілшісі осы сайлау учаскесінде болып, дауыс беру, дауыс санау процесін толық қадағалап қайтқан еді.
Бұл учаскеде «Аманат», «Қазақстан Халық Партиясы», «Республика», «Ақжол» партиясының бақылаушылары ғана отырды. Қалған үш партиядан болған жоқ. Мәжіліс және мәслихат депутаттығына түсіп жатқандардың да сенімді өкілдері көрінбеді. Бұлардың арасында бұрын соңды естімеген «Ақиқат» партиясынанмын деген және «Дауыс» қоғамдық қорынанмын деп екі қыз отырды.
– Сіз «Ақиқат» партиясынанмын дедіңіз ғой. Мен бұл партияның атауын бірінші рет естіп тұрмын. Құпия болмаса, партия жөнінде, оның төрағасы кім екенін айта аласыз ба? деп сұрады «Орал апталығы» тілшісі.
Бұл сауалға ойланып қалған «Ақиқаттың» «мүшесі»: «Партия емес, қоғамдық қор. Төрағасы кім екенін айта алмаймын. Мен сайлауға бірінші рет бақылаушы болып келіп отырмын» деп қысқа жауап берді. Ал «Дауыстың» бақылаушысы да қоғамдық қор жөнінде ашып ештеңе айтпады.
«Орал апталығы» тілшісі комиссия мүшелерінен де қай партиядан, қандай ұйымның атынан келіп отырғандарын сұрады. Басым көпшілігі мұны білмейтін болып шықты.
Алғашқы төрт сағатта дауыс беруге келгендер саны аса қатты көп бола қойған жоқ. Он бірлер шамасында учаске төрайымы Лаура Шаркубенова 133 адам ғана дауыс бергенін хабарлады. Ол «Орал апталығы» тілшісінің жүріп-тұруына барынша шектеу жасауға тырысты. Тілші шектеудің бақылаушыларға ғана қатысты екенін, журналист кедергі жасамай фото-видео жасауына рұқсат етілгенін түсіндіріп бақты.
– Біз орыс мектебінде тұрмыз, маған орысша сөйлеңіз,-деді Лаура Шаркубенова тілшіге.
Сайлау учаскесіне келген электораттардың басым көпшілігі кімге, қай партияға дауыс берерлерін білмей, «Көрсетіп жіберіңіздерші, кімді белгілеймін» деп бюллетеньді ұстап шауып жүрді. Енді бірі –учаске кіреберісіндегі тақтайшаға мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттар мен жеті партияның ақпараты ілінген фотоға көз жүгіртумен болды. Шамасы, таңдауларын сол жерде жапсырылған фотоға қарап жасағанға ұқсайды.
Дауыс беруге келгендердің ішінде «фотоға түсіріп жіберіңізші, жұмыстан талап етеді. Әйтпесе, түскіміз келмейді» дегендерде болды. «Орал апталығы» тілшісі олардан қайда жұмыс істейтіндерін сұраған. Көбі мектепте, балабақшада істейтіндерін айтты.
Учаскеге келген сайлаушылар қандай да бір пікір білдіруге ықылысты болмады, ештеңе айтқылары келмеді. Дауыс берушілердің арасында бір кабинаға екі адамнан кіріп кетіп жатқан кездер де болды. Оларға сайлау учаскесінің комиссия мүшелері бір кабинаға екі адамнан кіруге болмайтынын айтып, ескертіп жатты.
Түс болмай «Аманат» партиясы мен «Ақиқаттың» бақылаушысы кетіп қалды. Олар сол кеткеннен оралған жоқ. «Дауыс» қоғамдық қорының бақылаушыса да кетіп қалып, екі-үш сағаттан соң келді. Қалған бақылаушылар бір кіріп, бір шығып жүрді.
Түскі 13:00-дедауыс берушілер саны –227 болды. Учаске төрайымы Лаура Шаркубенова «Орал апталығы» тілшісіне сайлаушылар тым аз келіп жатыр деді.
– Қазір он пайыздан асты. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Кешке дейін 20 пайызға жете ме, жоқ па, белгісіз. Дауыс берушілер сайлауға келуге ниетті емес секілді. Өткен жылғы президент сайлауында 25 пайыз болған еді,-дейді учаске төрайымы.
Түстен кейін дауыс берушілердің қарасы одан сайын бәсеңдей түсті. Бірді-екілі адам ғана келгені болмаса, топырлап ешкім келе қоймады. 16:00-де Лаура Шаркубенова сайлаушылар саны –391-ге жеткенін айтты. Бірақ ол көп өтпей саннан қателескендерін айтып, 391 емес,340екенін хабарлады.
Кешкі сегізде дауыс беру аяқталған соң, сайлау учаскесінің төрайымы Лаура Шаркубенова барлығы 411 (18 пайыз) адам дауыс бергенін айтты.
Дауыс санау нәтижесінде мәжіліс депутаттығына кандидат Лұқпан Ахмедяров – 125, Абзал Құспан – 58, Оксана Дементиевская –45, Александр Капустин – 31, Азамат Мусилов – 23, Алпамыс Камалов –19, Талғат Қатауов –16, Надир Курумбаев –15, Ақылбек Дауымшар – 5 дауыс жинады.
Ал партиялардан «Аманат» –110, «Ауыл» –68, «Қазақстан халық партиясы» – 66, «Республика» –45, «Ақжол» –33, «Байтақ» –12, «Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиысы»– 10 дауыс алды.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ