Коттеджде тұратындардың шығыны көбейеді
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коттеджде тұратын адамдар үшін газдың бағасы жоғары болуы қажеттігін айтты.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет басшысы былтыр тауарлық газ тапшылығына тап болғанымызды еске салды. Соның салдарынан еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төнді. Бүгінде Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан шетелде сияқты әртүрлі тарифтерді енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн.
«Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидия көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ. Қазіргі уақытта зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбатырақ болуға тиіс. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – осы», — деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, күнделікті тұрмыста да, мемлекет деңгейінде де үнемдеп үйрену керек.
«Өндірісте де, тұрмыста да газды арзан екен деп бей-берекет жаға беруге болмайды. Мұны доғару керек. Үкімет Тауар газының энергетикалық тиімділігін арттыру және оны үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі қажет», — деп атап көрсетті Тоқаев.
Мемлекет басшысы алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұрғанын айтты. Айтуынша, біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет.
Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда, аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес, — деді Президент отырыста.
Тоқаев атап өткендей, құқықтық әділетсіздік белең алды.
Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар, — деп атап өтті ол.
