БҚО-да 208 млн теңгеге салынған жолдан қандай кемшілік анықталды?
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы орталығы Казталов ауылы мен Әжібай ауылы арасына асфальт төсеуге облыстық бюджеттен 208 млн теңге қаржы жұмсалған болатын. Алайда соның 59,1 млн теңгенің жұмысы орындалмаған. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департаменттің мәліметінше, мердігер компанияға жобалық-сметалық құжаттамада есепке алынбаған, 62,5 миллион теңге көлеміндегі қосымша орындалатын жұмыстар бекітілген.
– Аудандық маңызы бар автомобиль жолына, Әжібай кентіне кірме жолға 0-3, 2 шақырымына орташа жөндеу объектісіне тексеріс жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде, объектіде асфальтбетон жабынында көптеген бұзушылықтар бар екені анықталды, орындалмаған жұмыстардың жалпы сомасы — 59,1 миллион теңгені құрады,-делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ мәліметте жолды салуға тапсырыс берген Казталов ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне анықталған кемшіліктерді жоюға нұсқама жолдағандары жазылған.
– Казталов ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мердігер анықталған кемшіліктерді маусым айына дейін қалпына келтіруге міндеттелді,-дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қаңтар айының басында Казталов ауылы мен Әжібай ауылы арасына салынған жолдың бір жылға жетпей шұрық-тесігі шығып жатырғанын жазған болатынбыз.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ