БҚО 8 мың адам тұратын 83 ауыл байланыс және интернетпен қамтылмаған
БҚО Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрлан Нұрсұлтанның Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 8 мың адам тұратын 83 ауыл байланыс және интернетпен қамтылмаған.

Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде тұрғын саны 250-ден аспайтын 37 елді мекенде арнайы жоба арқылы байланыспен қамту жұмыстары жүргізілуде. Ал қалған ауылдарға министрлік және байланыс операторларымен бірлесіп жол картасы әзірленуде.
Күні бүгін «Қазақтелеком» АҚ елді мекендерді оптикалық технологияға қосу бойынша «Ауылдағы цифрлық серіктес» жобасын іске асыруды жоспарлауда. Атап айтқанда, облыс бойынша 4 серіктес техникалық шарттарды алып, 12 ауылды интернетпен қамтуды көздеп отыр. Қазіргі таңда Тасқала ауданында Мереке, Теректіде Жаңаөмір ауылы кең жолақты интернетпен қамтылды.
Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ заңды тұлғалар үшін оптикалық байланыс желілерін салу және 5346 клиентке 194 көпқабатты секторда FTTH оптикалық желісін кеңейту жұмыстарын жүргізді.
«Трастелеком» АҚ және оның дилерлері Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігін, әлеуметтік нысандар, жеке және көпқабатты үйлерді ғаламторға қосты.
Басқарма басшысы ұялы байланыс операторларының да осындай жұмыс жүргізіп жатқанын баян етті. Мысалы, биыл «КаР-Тел» ЖШС (Beeline) 37 ауылда және Орал қаласында өз қызметтерін атқармақшы. 26 ауылда қолданыстағы базалық станциялар жаңартылса, 11 елді мекен мен Оралда жаңадан орнатылмақшы. Сол секілді «Kcell» АҚ 43 ауылды байланыс және мобильді интернетпен қамту, оның сапасын жақсарту жұмыстарын жүргізуде. Соның ішінде 3 ауылға жаңа базалық станция орнатылса, 9-ында 4G стандартына жаңартылды. Қалған 31 ауыл жыл соңына дейін қамтылмақ.
Н.Нұрсұлтан Орал қаласының кейбір бөлігінде (М.Мөңкеұлы көшесі, Н.Назарбаев даңғылы және т.б.) байланыс сапасы төмен екендігін жеткізді. Мұның себебі халық тығыз орналасқан аумақта базалық станциялардың сыйымдылығы көтермеуі мүмкін. Бұл жағдайда операторлар жаңа базалық станцияларды салуы керек. Алайда кейбір тұрғындардың денсаулыққа әсер етеді деген желеумен көпқабатты үйлердің төбесіне байланыс операторларына базалық станциясын орнатуға рұқсат бермеуі бұған кедергі келтіруде.
«Интернет пен байланыс құралдарының барлық салада кеңінен таралып, күнделікті қызметтің көбі смартфон мен басқа да құрылғыларға байланысты екендігін ескере отырып, бұл жағдайға біртіндеп бейімделуіміз керек.
Ең бастысы, байланыс операторлары базалық станцияларды (антенналар) орнату кезінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен қажетті құжаттарды рәсімдеп, халықаралық стандарттарға сәйкес адам денсаулығына қауіпсіз деген қорытынды алады.
Тағы бір мәселе – ауылдар мен қалада сертификатталмаған репитор құрылғысының (ұялы байланыс желісін күшейткіш) орнатылуы базалық станцияларға келетін сигналдардың сапасын нашарлатады. Соның салдарынан ауыл тұрғындары сапалы қызмет ала алмайды.
Мәселен, бір үйде ұялы байланыс желісін күшейткіш құрылғысы орнатылса, оның көршісі байланыс немесе мобильді интернетті дұрыс пайдалана алмайды. Қорыта айтқанда, байланыс пен интернет сапасын арттыру, оның таралу аумағын кеңейту мақсатында облыс басшылығы мен Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасында арнайы жол картасы әзірленуде. Сонымен қатар Үкімет деңгейінде «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы жүзеге асырылуда», – деді Нұрлан Нұрсұлтан.