Батыс Қазақстанда 600 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек
Қазіргі таңда облыс аудандарында ылғал жабу жұмыстары басталып кетті.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшиннің айтуынша, соның ішінде дәнді дақылдар 238,4 мың гектар болады, мұның 86,1 мыңы – күздік, 152,3 мыңы – жаздық дақылдар. Сондай-ақ, майлы дақылдар 163,5 мың гектарға егілетін болса, оның 55 мыңы – күнбағыс, 108,5 мыңы – мақсары.
Картоп, көкөніс-бақша дақылдарын 9 600 гектарға егу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 4 200 гектары – картоп, 3 900 гектары – көкөніс және 1 500 гектары – бақша дақылдары.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, жылдағыдай мал азықтық дақылдарға да мән берілмек. 188,5 мың гектар мал азықтық дақылдар алқабының (2022 жылы – 188,4 мың га) 20,4 мыңы – біржылдық шөптер, 1,5 мыңы – сүрлемдік дақылдар, 12,6 мыңы – көпжылдық шөптер. Оған қоса, өткен жылдардан қалған 154 мың гектар көпжылдық шөп қайта көктейді.
Қазіргі таңда облыс аудандарында ылғал жабу жұмыстары басталып кетті. 53,3 мың гектар жердің ылғалы жабылды, бұл – жоспардың 16,2 пайызы.
Наурызбай Қадырбайұлының мәлім еткеніндей, биылғы егіске қажетті 25,7 мың тонна тұқым толықтай дайындалды. «Орал-Жер» ЖШС және «Казагрэкс» АҚ зертханалары тұқым тексеруді жақын күндері аяқтайды.
Көктемгі-далалық жұмыстарға 5 315 трактор, 2 591 дәнсепкіш, 789 қопсытқыш және басқа ауыл шаруашылығы техникалары тартылмақ. Бұл мақсатқа бөлінген 9,8 мың тонна дизель отынының 5,1 мың тоннасына келісімшарт жасалып, 671 тоннасы алынды. Қалғаны осы және алдағы айларда жеткізіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Осы орайда, мемлекет тарапынан ұдайы қолдау көрсетіледі. Биыл өсімдік шаруашылығы бағытындағы субсидиялау бағдарламалары мен қызметтер көрсетуге барлығы 1,2 млрд теңге қарастырылды. Мысалы, субсидиялау бағдарламаларына 846,6 млн, соның ішінде тұқым шаруашылығын дамытуға – 270,2 млн теңге (1 520 т), тыңайтқыштар құнына – 350,6 млн теңге (3 900 т), пестицидтер құнына – 188,7 млн теңге (39 мың литр), ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру қызметтерін құнын жеңілдетуге 37,1 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарына 2,5 млрд теңге берілді, соның ішінде «Кеңдала» бағдарламасы бойынша 2 млрд теңге (мөлшерлеме 5 пайыз) және «Агробизнес» бағдарламасына 500 млн теңге (мөлшерлеме 22 пайыз, субсидия есебінен түпкілікті қарызу алушыға 6 пайыз) қаралды. Бүгінде барлығы 1,25 млрд теңге («Кеңдала» – 1,2 млрд теңге және «Агробизнес» – 57,9 млн теңге) несие берілген, бұл – қаралған қаражаттың 50 пайызы. Несиелеу жалғасып жатыр», – деді ҚазАқпарат тілшісіне Н. Қарағойшин.
Дереккөз: Іnform.kz