«Ақжайық» футбол клубының бюджеті неге қысқарды?
Жергілікті билік «Ақжайық» футбол клубының бюджетін бірнеше есеге қысқартып, осы жылға 357 млн теңге қаржы бөлген. Бұл қаржы тек «Ақжайыққа»ғана емес, балалар және жасөспірмдер футболына да жұмсалады.Өткен жылы футбол клубтың бюджеті 1,1 млрд теңгені құраған көрінеді. «Ақжайық» футбол клубының директоры Манарбек Ержанов биылға бөлінген қаржымен облыста футболды дамыту мүмкін емес екенін айтады.

«Ақжайық» футбол клубы өткен жылы премьер-лигадан бірінші лигаға түсіп қалған болатын. Манарбек Ержанов бюджеттің қысқаруына осы себеп болуы мүмкін дейді.
— Былтырғы жылмен салыстырғанда үш есеге қысқартылып отыр. Енді ол– бірінші лигаға түсіп қалуымыздың себебінен де шығар. Бірақ бұл негізгі фактор деп айта алмаймын. Бюджетті қандай көрсеткішпен қысқартып отырғандарын дөп басып айту қиын. Алайда осы жылға бөлінген 357 млн теңге қаржы облыстағы футболды дамытуға кері әсерін тигізетіні сөзсіз,-дейді Манарбек Ержанов.
Оның айтуынша,357 млн теңге ары кетсе – алты айға ғана жетуі мүмкін. «Негізгі құрамның сырт алаңдағы ойыны ментоғыз балалар футбол құрамасының өзге облыстарға баратын жарыстарды есептегенде, біз – 54-рет іссапарға шығамыз, яғни матчты өзге облыстарға барып ойнаймыз. Енді әр команданың жол шығыны, жататын жері, тамағы, спорттық киімдері – мұның барлығы шығын.Мысалы, «Ақжайық» футбол клубының алыс облыстарда өтетін бір ойынына4-6 жарым млн теңге қаржы кетеді. Ал балалардың іссапарлық шығыны– екі жарым мен үш жарым миллион теңгенің арасы. Балалар футбол құрамасы – «Ақжайық» футбол клубы секілді басқа өңірде бір ойын өткізіп келмейді, бір апта немесе он күн жарыста болады. Сондықтан біздің есебімізше биылға бөлінген қаржы тек бес-алты айға жетеді,-дейді Манарбек.
Ол мұндай қаржымен «Ақжайық» футбол клубына премьер-лигаға шығу турасында ешқандай талап қоя алмаймыз деп отыр.
— Премьер-лигаға шықпақ түгілі, бірінші лиганың ойындарына толық қатыса аламыз ба, жоқ па, белгісіз. Балалар да ел чемпионатындағы жарыстарға қатыса алатынына кепілдік бере алмаймыз,-дейді Манарбек Ержанов.
Оның сөзінше, бөлінген 357 млн теңге әлі «Ақжайық» футбол клубына берілмеген.
— Ол қаржы біздің есеп-шотымызға түскен жоқ. Қазір «Ақжайық» футбол клубының құрылтайшысы Гүлдария Кауиева футболшылардың, басқа да қызметкерлердің жалақысын өз қаражатынан төлеп отыр,-дейді.
Манарбек Ержанов басқа облыстарда футболға бөлінетін қаржыны мысалға алып, «Ақжайық» футбол клубы бюджеті өте аз команда деді.
— Өзге облыстарда балалар футболының өзіне 147 млн теңгеден бастап, 500 млн-ға дейін бөлінеді. Ал «Ақжайық» футбол клубы сияқты негізгі құрамаға1 млрд теңгенің үстінде бөлінеді. Мысалы, күні кеше біздің командамен ойнаған семейлік «Елім-ай» командасының бюджеті– 800 млн теңге. Тараздық –«Тараз» командасында да осындай сома. Түркістандық – «Тұран» командасында бұдан да көп. Оларда біз сияқты бірінші лигада ойнайды. Алайда бюджеттері бізден әлде қайда көп,-дейді «Ақжайық» футбол клубының директоры Манарбек Ержанов
Оның айтуынша, «Ақжайық» футбол клубында 26 ойыншы бар, соның алтауы легионер, 17-сі жергілікті футболшылар. Әр футболшының алатын жалақысы– 400-500 мың теңгенің арасыболса, алты легионердің екі-үшеуі жақсы нәтиже көрсеткендеріне байланысты600-700 мың теңгенің шамасында алады. Ал қалған легионерлерге жергілікті ойыншылармен бірдей жалақы төленетін көрінеді.
Манарбек Ержанов «Ақжайық» футбол клубы мен балалар футболында жетістіктер жоқ емес екенін айтады. Сөзінше,өткен жылы қыздар құрамасы екі жас ерекшелігі бойынша еліміздің қола жүлдегері атанған.
— Бұдан бөлек, төрт қыз Ұлттық құрамаға (17 жасқа дейінгі – ред) шақырту алды. Екі ер бала 21 жасқа дейінгі жастар құрамасына шақыртылды. Ал негізгі команда «Ақжайық» футбол клубы алғаш рет ел кубогының финалына шықты. Мұның барлығын азды-көпті жетістік деп есептеймін,-дейді ол.

«Орал апталығы» тілшісі «Ақжайық» футбол клубының бюджеті не себепті қысқартылғанын және бөлінбей қалған 700 млн теңгенің қайда, қандай спорт түріне жұмсалатынын білу үшін Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына барған. Алайда басқарма басшысы Қаймен Есендияров тілшіні үш жарым сағатқа дейін қабылдамады. Кешкі алтыдан аса ғана тілшіні қабылдаған ол: «Уақытым жоқ, сұрағыңызға жауап бере алмаймын» деді.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
