Оқушылар өлімі: Оқу-ағарту министрлігі шұғыл жиналыс өткізді
ҚР Оқу-ағарту министрлігінде облыс, аудан, қалалардың білім басқармалары басшыларының, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау ұйымдары өкілдерінің қатысуымен балалардың қауіпсіздігіне арналған шұғыл жиын өтті.

Жиынға Қазақстанның бірнеше облысындағы мектептерде соңғы уақытта орын алған қайғылы оқиғалар себеп болды. Соңғы рет осындай жантүршігерлік оқиға жақында Алматы облысындағы ауылдардың бірінде болды. Мұнда мектеп оқушысының зорлық-зомбылық себебінен болған өлімінен кейін оның досы да өз өмірін қиды. Осыдан сәл бұрын Түркістан облысында оқушы белгісіз жағдайда қайтыс болды.
Берілген ақпаратты тыңдаған министр Ғани Бейсембаев Алматы және Түркістан облыстарында қаза болған оқушылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Министрлікте балалар құқығын қорғау, білім сапасын қамтамасыз ету, психологтар, полиция, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Қазір комиссия жұмыс істеп жатыр. Жаңа ғана ішкі істер министрімен сөйлестім, құқық қорғау органдары да шұғыл шаралар қабылдауда», – деді Бейсембаев.
Министр тәрбие жұмысын күшейтуге және бұзақылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
«Бүгінде әр мектепте қорлауды тоқтататын қажетті ресурстар бар. Ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңесі, ақсақалдар кеңесі, әкелер кеңесі педагогикалық ұжымға көмекке келулері керек», – деді ол.
Жиын соңында министр мектеп оқушыларының өздеріне де сөз арнады.
«Егер зорлық-зомбылыққа ұшырап жатсаңыз немесе жәбірлеудің куәгері болсаңыз, дереу көмекке шақырыңыз. Біз әр облыста балалар құқығын қорғау жөніндегі өкілдер тағайындадық. Министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті тәулік бойы қызмет көрсетуде», – деді сала басшысы.