БҚО-да ауыл тұрғындары шаруа қожалығы бар адвокатты жылқымызды барымталап отыр деп айыптауда

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Чапаев ауылының бір топ тұрғыны «Орал апталығы» редакциясына шағымданды. Айтуларынша, шаруа қожалығы бар Адат Мұханғалиев жайылымда жүрген жылқыларды өзінің қорасына қамап, ен салып, таңба басып тастаған. «Осылайша біздің жылқымызды иемденіп алғысы келді» деген тұрғындар Адаттың заң жүзінде жауапкершілікке тартылуын талап етуде. Олар Адат Мұханғалиев шаруа қожалық иесі ғана емес, әрі адвокат екенін айтады. Сондықтан ауыл халқы қылмыстық істе бармақ басты, көз қысты болып, жазадан сытылып кете ме деп алаңдап отыр.

Чапаев ауылындағы полиция бөлімінің алдына жиналған отыздан аса тұрғын айдың, күннің аманында Адат Мұханғалиев жылқыларын барымталап, көпе-көрнеу басынып отыр деп наразылық білдірді.

– Менің үйірімнен төрт бас жылқы жоғалған болатын. Биені Адаттың шарбағынан таптық. Қалған үш жылқы әлі табылған жоқ. Мен барғанда Адат болған жоқ, көмекшісі жылқыларды кім қамағанын, не үшін қамағандарын айтпады. Адат барлығын көмекшісі Ахатқа жауып тұр. Бірақ, жылқыларды қамауға Адаттың өзі де көмектескен. Адат – лицензиясы бар адвокат. Заңды біле тұра осындай әрекетке барып отыр,-деді ауыл тұрғыны Жасұлан Естілеуов.

Болат Саримов есімді тұрғын да өзінің жылқысын Адат Мұханғалиевтың шарбағынан тапқанын айтады.

-Жылқымның екі құлағын, құйрығын кесіп, сол жағына таңба басып тастаған. Мен барғанда Адаттың өзі болды. «Мына істеп жатқандарың не?» деп сұрадым. Ол көмекшісі Ахат даладан айдап әкеліп берді деді. Жылқымның құлағын, құйрығын кескенін, таңба салғанын Адаттың өзі мойындады. Біреудің малын қорасына қамаудың өзі заң бұзу емес пе? Бұл таза қылмыс қой. Менің жылқымның құйрығын, құлағын кесіп, таңба басуға оның қандай хақысы бар?!,-дейді Болат Саримов.

Жылқысын Адат Мұханғалиевтың қорасынан тапқан тек бұл кісі ғана емес, ауыл тұрғыны Жұмабек Шүкетаев та, бір байтал құлынымен және бір биесін Адаттың шарбағынан тапқанын айтып отыр.

– Сәуір айының басында жоғалған жылқыларым екі-үш күннен соң, Адаттың шарбағынан табылды. Менің жылқыларыма да ен салып, таңба басқан. Біреудің асырап отырған ақ адал малына осылай істеуге бола ма? Бұған заң жүзінде шара қолдануын сұраймыз,-деді Жұмабек Шүкетаев.

Тұрғындар Адат Ақжайық ауданынан көшіп кету керек деп есептейді. Сөздерінше, жылқылар көптеп жоғалып жатқан көрінеді. Ауыл тұрғыны Серік Абулхайыров бір жылдан бері төрт бас жылқысын әлі таба алмай жүргенін айтты.

-Адаттың тоғыз үйір жылқысы бар. Соның барлығын қамасын, қарайық. Мен барып қарайын десем, жақындатпайды. Ауылға бір чемоданмен келіп, тоғыз үйір жылқыны қайдан алып отыр?! Мұндай адамды жер аудару керек, біздің жақтан көшуі тиіс. Далада емін-еркін жүрген малды қорасына әкеп қамайды. Көмекшісі айдап әкелген күннің өзінде, жылқылардағы ен, таңбаны көргенде кімдікі деп сұрамай ма? Уатсапта жылқышылардың ортақ чаты бар ғой, неге соған «менің шарбағымда осындай ені, таңбасы бар жылқы жүр. Кімдікі?» деп неге сұрамайды?,- деді Серік Абулхайыров.

Тұрғындар шағымдарын айтып тұрғаны сол еді, полиция қызметкері шығып, аудан прокуроры күтіп отырғанын, олардан ішке кіруін сұрады.

– Көтеріп отырған мәселелеріңізді сырттай естіп, білім отырмын. Барлықтарыңызды прокуратура ғимаратына сыйғыза алмайтын болғандықтан, осында (Ақжайық аудандық полиция бөліміне –ред) келіп отырмын. Білуімше, сіздер Адат Мұханғалиевтен 12 бас жылқыны қайтарып алғансыздар. Бірақ ешқайсыңыз полиция бөліміне, прокуратураға келіп шара қолдануды сұрап арыз-шағым түсірмегенсіздер. Көпшілік болып жиналғаннан мәселе шешіледі деп ойламаймын. Мұны дұрыс түсініңіздер. Сіздер Адаттың өзімен кездестіңіздер ма? Ол не айтты?,-деді наразы тұрғындармен кездесуде Ақжайық ауданы прокуроры Руслан Сабиров.

Прокурордың бұл сұрағына Болат Саримов жылқысын Адаттың шарбағынан қай күні тапқанын, Адаттың не дегенін, жалпы мән-жайды айтып, «Неге менің жеке малымды зәбірлейді? Неге шара қолданылмайды?» деп қарсы сұрақ қойды.

Бұған прокурор «Әр қайсыңыз жеке жеке арыз жазып, қандай зиян келгенін көрсетіңіздер. Біз мұны біріктіріп қараймыз,-деп жауап берді.

Жиында Алмагүл Сартова өткен жылы үш бас жылқылары жоғалғанын, оған Адаттың көмекшісі Ахаттың қатысы бар екені дәлелденгенін айтты. Сөзінше, полицияға шағымданған, бірақ полиция қылмыстық құрам жоқ деп істі жауып тастаған.

– Былтыр үйірімізге бір бас жылқы қосылған болатын. Күйеуім бөтен жылқы бар екенін айтып хабарлады. Арада бір апта өткеннен кейін, Адаттың көмекшісі Ахат келіп, үйірімізден өздерінің бір бас жылқысымен қоса, біздің үш бас жылқымызды айдап әкеткен. Үш жылқымыз жоқ екенін сол күні байқадық. Ахаттың төрт бас жылқыны айдап барғанын көрген адамдар болды. Біз артынан барып, жылқыларымызды алып кеттік. Ахаттан неге жылқыларымызды айдап кеткенін сұрасақ. Қожайын «айдап кел» деп айтты деп жауап берді. Енді осы бойынша полицияға арыз жазған едік. Бірақ аяқсыз қалды. Ешқандай шара қолданылған жоқ,-деді ауыл тұрғыны Алмагүл Сартова.

Прокурор Руслан Сабиров ауданға қызметке өткен жылдың соңында келгенін, сондықтан бұл мәселеден хабарсыз екенін айтты. Ол Ақжайық ауданы полиция бөлімі басшысының орынбасары Батырбек Утешкалиевтан істі не себепті қысқартып тастағандарын сұрады. Алайда оған ол жөнді жауап бере алмады.

Бір сағаттан аса созылған жиында тұрғындар прокурордан Адат Мұханғалиевты заң жүзінде жауапкершілікке тартуды сұрап, арыз-шағым жазды.

«Орал апталығы» тілшісі аудан прокуроры Руслан Сабировтан іс қай бап бойынша қозғалатынын сұраған. Прокурор Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы (Мал ұрлау) бойынша қозғалады деді.

Жиын аяқталғаннан кейін тұрғындар тілшіні Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылынан шамамен 20 шақырымдай қашықта орналасқан Адат Мұханғалиевтың шаруа қожалығына алып барып, жылқыларын қамап қойған шарбақты көрсетті. Тілші барғанда Адат Мұханғалиев болмады. Көмекшілері оның қалада екенін айтты.

«Орал апталығы» тілшісі Адат Мұханғалиевке хабарласқан. Бірақ ол телефон арқылы пікір білдіруден бас тартып, «ресми сауал жолдаңыздар» деді.

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ

Помогите нам рассказывать правду

Наши журналисты не боятся добывать правду, чтобы показывать ее вам. В стране, где власти постоянно хотят что-то запретить, в том числе - запретить говорить правду, должны быть издания, которые продолжают заниматься настоящей журналистикой.

Мы хотим зависеть только от вас — тех, кто хочет знать правду, тех, кто не боится быть свободным. Помогите нам рассказать вам правду.

Пожалуйста, поддержите нас своим вкладом в независимую журналистику!

Это просто сделать.

Можете нас поддержать через KASPI GOLD, отправив свою сумму на номер 8 777 761 02 61

x
2024-12-07
Утром-8.53 ℃
Днем-4.86 ℃
Вечером-5.91 ℃
Ночью-6.95 ℃
Влажность58 %
ДавлениеhPa 1047
Скорость ветра3.11 м/с
2024-12-08
Утром-8.13 ℃
Днем-4.25 ℃
Вечером-5.78 ℃
Ночью-6.52 ℃
Влажность39 %
ДавлениеhPa 1046
Скорость ветра4.19 м/с