Жарылыстан 4 адам көз жұмды, арасында үш жасар қыз бар: Ноғаев шұғыл брифинг өткізді
Болжам бойынша төтенше жағдайға газ қоспасының жарылуы себеп болған.
Жаңаөзен қаласында тұрғын үйдегі жарылыстан қаза болғандар саны 4 адамға жетті. Олардың арасында үш жасар қыз бар. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.
Облыс әкімі Жаңаөзендегі жағдайға байланысты шұғыл брифинг өткізді.
Оның айтуынша, бүгін таңертең елорда уақытымен таңғы 05:04-те Жаңаөзен қаласы Шұғыла ауданында 51-үйде жарылыс болғаны туралы хабар түскен.
«Екіқабатты үйдің оң қапталында екінші кіреберісте жарылыс болды. Алғашында газ баллоны жарылған деген болжам болды, ал қазір мамандардың тексерісінен кейін газ баллоны емес, газ қоспасының жарылуы ықтимал деген болжам бар»,- деді Ноғаев.
ТЖ салдарынан 17 адам зардап шеккен, соның ішінде 4 адам қаза тапты: бір ер адам, екі әйел және үш жасар қыз.
Үш адам Жаңаөзен қаласының емханасында жансақтау бөлімінде, тағы үш адам травматология бөлімінде жатыр. Қалғандары дәрігерлердің тексерісінен кейін үйлеріне жіберілді.
Төтенше жағдайға байланысты ведомствоаралық комиссия құрылды. Ол жарылыс себептері мен оның салдарын жою жұмысымен айналысады.
ТЖ фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрлан Ноғаев жарылыстан қаза болғандардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Сондай-ақ ол зардап шеккен тұрғындарға баспана және басқа да қолдау көрсетуді әкімдік өз жауапкершілігіне алатынын атап өтті.
ОҚТ ОТЫРЫҢЫЗ: Жаңаөзен қаласында газ баллоны жарылды: зардап шеккендер бар