Иттің өлексесі, сиырдың басы, шашылған целлофан пакеттер: БҚО-да қоқыс төгетін полигонның айналасы жайрап жатыр
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылының іргесіндегі қоқыс қалдық төгетін полигон айналасы жайрап жатыр. Түрлі қалдықтар мен пакеттер полигоннан екі жүз, үш жүз метрге дейін шашылған. Тұрғындар бұл жағдай жылда қайталанатынын, жергілікті билік мәселені шешуге келгенде өгіз аяңға салынып отыр дейді.

Чапаев ауылынан небәрі бір шақырым қашықта орналасқан полигон шамамен 10 гектар жерді алып жатыр. Айналасында қоршау болғанмен, қалдықтар бәрібір жан-жаққа шашылған. Біраз уақыттан бері тазалық жұмысы жүргізілмегенге ұқсайды. Полигонның сыртында иттің өлексесі мен сиырдың басы да жатыр. Даладағы целлофан пакет, қалдықтар өртенуде, түтіннен тұншығасың. «Орал апталығы» тілшісі осындай көрініске куә болды.
Бұл полигон «Чапаев-Жаңақала-Сайхын» облыстық маңызы бар автомобиль трассаның бойында орналасқан. Жайрап жатырған целлофан пакеттер мен басқа да қоқыс бірден көзге түседі. Жергілікті жұрт полигонға тұрмыс қалдығынан бөлек, нешетүрлі қалдықтар төгілетінін айтады.
– Жел соқса, қоқыс полигонының иісі ауылға келеді. Өртенсе де сол. Көріп тұрғандарыңыздай қоқыс ашық-шашық жатыр. Мұнда төгілмейтін нәрсе жоқ. Малдың бас-сүйегін, ішек-қарнына дейін осында әкеп лақтырады. Бұл – экологиялық апат қой. Полигонның ішінде үсті-үстіне үйілген қоқысты трактормен ары қарай итергендерін көрген емеспін. Уақытында солай істесе, мұндай болмас еді. Бірақ жыл сайын көріп келе жатқанымыз осы. Әкімдік пен полигон тазалығына жауапты адамдарға бәрібір сияқты, уақытында тазалық жұмысын жүргізбейді,-дейді атын-жөнін көрсетпеуді сұраған ауыл тұрғыны.

Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов тұрғындар қоқыс қалдықтарды полигонның сыртына төгіп кеткендіктен шашылып жатқанын айтады.
– Полигон қыста толып қалып, ішіне сыймай шашылып жатыр. Тұрғындар сыртына төгіп кеткен. Біздер қолымыздан келгенше техникамызбен жинастырып жүрдік. Бірақ нәтиже болған жоқ. Содан кейін полигонды «Шыңғыс» жеке кәсіпкерлігіне сенімгерлік басқаруға бердік. Бұл жеке кәсіпкерлік бір жыл жұмыс істеді, бірақ ол да полигонды таза ұстай алған жоқ. Осы жылдың қаңтар айында «Шыңғыспен» келісім шартты үздік. Енді полигонды «Алихан» деген жеке кәсіпкерлігіне бердік. Ол полигонның айналасын тазартуға кірісіп жатыр,-дейді аудан әкімі.

Ол полигондағы тазалық мәселесін шешу үшін тұрғындардың қоқысқа төлейтін тарифке өзгеріс енгізіп жатқанын айтты. «Қоқыс төгетін жердің тазалағы тұрғындардың төлейтін қаржыға байланысты ғой. Осыған дейін бір үй 500 теңгеден төлеп жүрген еді. Бірақ бұл ақша полигонды ұстап тұруға жетпейтін болғандықтан, қазір тарифті өзгертіп, адам басына 148 теңгеден төлейтіндей қыламыз. Мұны алдағы сессияда аудандық мәслихат депутаттарымен бекітеміз,-деді Қалияр Айтмұхамбетов.
Оның айтуынша, жаңа полигон салуға жобалық-сметалық құжаттама жасап қойған көрінеді. Енді оған 300 млн теңге қаржы қажет.
– Жобалық-сметалық құжатты облысқа жолдадық. Қолдау тауып, қаржы бөлініп жатса, типтік полигонды саламыз. Қазіргі полигон бұрыннан келе жатқаннан кейін әбден толды,-дейді Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.
Шенеунік «Орал апталығы» тілшісіне шашылып жатырған полигонның айналасын бір аптаның ішінде тазартамыз деп уәде берді.
-Бір аптада тазартуға уәде беремін. Тазартып болған бойда, сізге фото-видеосын жібереміз,-деді Қалияр Айтмұхамбетов.
Ал полигонды сенімгерлік басқаруға алған «Алихан» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Замир Нұрсұлтанов болса, шашылған қоқыс қалдықтарды бір аптаның ішінде жианап үлгермейміз деп отыр.
– Бір апта демеймін, он күннің ішінде тазартамыз. Полигонның айналасын қалпына келтірген соң, бейнебақылау орнатып, күзетші қоямыз,-дейді Замир Нұрсұлтанов.
Батыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының берген мәліметінше, облыста 147 тұрмыстық қалдықтар төгетін полигон бар. Соның тек екеуіне ғана (Орал, Ақсай қаласындағы -ред) санитарлық, экологиялық талаптарға сәйкес деген рұқсат құжат рәсімделген көрінеді.
-2019 жылы «Уралводпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылынан полигон құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. Құжаттама 2021 жылдың 28 қазанында сараптамадан өтті. Жоба құны – 293 млн теңге. Қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Тұрмыстық қалдықтар полигонын күтіп ұстау және ауылішілік қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін Чапаев ауылдық округі әкімі аппаратымен «Алихан» ЖК-і келісім шарт жасасты. Полигонды жарықтандыру, бейне камера орнату және бақылау пунктіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ретке келтіру жұмыстары жүргізілетін болады,-делінген басқарманың бізге жолдаған жазбаша жауаптарында.
Айта кетейік, арада бір апта өткен соң, яғни кеше , 20 сәуір күні Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Абуов хабарласып, жаңбыр жауғанның салдарынан полигон айналасын тазартып үлгермей жатқандарын айтты.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
Фото мен бейне Еркебұлан ГАПУОВ