Оралда өрт болған жерден үш адамның мәйіті табылды
Оралда қалалық мәдениет және демалыс саябағының маңындағы гаражда үш адам көз жұмды. Қайғылы оқиға 25 сәуір күні сағат 21:00 шамасында болған.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 25 сәуір күні кешкісін болды.
«Сағат 20.58-де А.Құсайынов көшесі 3-мекенжайында аумағы 30 шаршы метр гараж бен оның ішіндегі «ВАЗ-2121» (Нива) автокөлігі отқа оранды. Содан кейін жалын жеке тұрғын үйдің (42 шаршы метр) төбесін шарпыды. Гараждан үш адамның денесі табылды. Сондай-ақ әрқайсысының сыйымдылығы 50 литр 4 оттегі баллоны шығарылды. «Тілсіз жау» сағат 21.32-де оқшауланып, 22.02-де ауыздықталды. Барлығы 23 адам (7 техника) жұмылдырылды. Қазіргі кезде өрттің себебі, келтірілген шығын, қайтқан адамдардың кім екендігі анықталу үстінде», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға орнынан табылған үш адамның екеуінің кім екендігі анықталды.
«Олар – 1982 жылғы әйел және 2002 жылғы ер адам. Тағы бір ер адамның жеке басы анықталу үстінде. 21 жастағы ер адам гаражды жалға алып, жұмыс істеген. Марқұмдардың мәйіттері сот-медициналық сараптамаға жіберілді», деп хабарлады ведомстводан.