Алматыда полиция наразылыққа жиналғандарды ұстады. Астанада күзет күшейді
Алматыда 1 мамыр күні полиция бейбіт наразылыққа жиналғандарды ұстады. Қалада митинг өтеді деп жоспарланған Орталық саябақта полиция күзеті күшейді.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматыдағы митингіге 20 шақты адам жиналған. Оларға прокурор келіп, митингінің заңсыз екенін ескертіп, тарауды талап еткен. Кейін жиналғандар тарамаған соң арнайы жасақ оларды күштеп ұстап, автозакқа салып әкетті. Полиция белсенділерді не үшін ұстағанын түсіндірмеді. Ұсталғандардың бірі «оян, қазақ» деп айғайлады. Тағы бір адам «не үшін ұстап жатырсыңдар, олар не істеді?» деп полицияға жанұшыра айғайлағанымен, орган өкілдерінің ешкімі оған жауап бермеді.
Ал Астанада «оппозиция митингісі өтеді» деген аумақты полиция тұтас қоршап тастады. Полиция машиналары өте көп. Азаттық тілшісі он шақты автобус, алты-жеті полиция машинасын көрді. Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Артур Алхастов бір адамның ұсталғанын көрген, бірақ аты-жөнін білмейтінін айтты.
Астанада полиция тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының мүшесі Марат Жыланбаевты жолда тоқтатып, Алматы аудандық полиция бөлімшесіне әкетті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция «Жыланбаевтың жол ережесін бұзғаны жөнінде әлдекімнен қоңырау» түскенін айтып, хаттама толтыру үшін бөлімшеге бару керектігін айтқан.
Жыланбаев бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында 1 мамырда Астанадағы Кенесары хан ескерткіші маңында марафоннан шеберлік сынып өткізетінін жариялаған. Осыған дейін Әблязов та митинг дәл осы ескерткіш маңында өтетіні хабарланған еді.
Астанада полицей белсенді Марат Жыланбаевты тоқтатып тұр. 1 мамыр 2023 жыл.
Жыланбаев шақырған жерге «жүгірудің тәсілін үйренеміз» деген бірен-саран адам жиналды. Оларды полиция біраз бақылап тұрды. Марат Жыланбаевтың ұсталғанын естіген топ «полициядан қорықпаймыз, тарқап кетпейміз. Маратқа қолдау білдіріп, өзіміз жүгіреміз» деді.
#NotExtremists Телеграм-арнасы Астанада азаматтық белсенді Эльвира Бекзадина ұсталғанын жазған.
Сондай-ақ Астанада полиция «Власть» сайтының тілшісі Бейімбет Молдағалиды ұстап кейін қайта босатқан. «Власть» сайтының жазуынша, тілшіні Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесінде суретке түсіріп, саусақ іздерін алған. Басылым тілшіге қысымға байланысты полицияға шағым түсіретінін хабарлады.
Қазақстан билігі осыған дейін Қытаймен өзара 30 күндік визасын режим енгізетінін мәлімдеген. Кейбір белсенділер Қытай азаматтарына визасыз режим енгізсе, елге қытайлықтар келіп, заңсыз қалып қояды деп қауіптенеді.
Сондай-ақ оппозиция мен белсенділер Ресейдің ықпалы күшті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығуды да талап етеді.
Ресей және Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатқан Қазақстан билігі Мәскеу және Пекинмен байланыстан еш қауіп көрмейді.
Қазақстанда жұрт қандай да бір наразылық шарасына шығу үшін әкімдіктен рұқсат алуы тиіс. Әкімдік рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылады және қатысушыларын полиция күштеп ұстап, кейін әкімшілік жазаға тартады.
Дереккөз: Аzattyq