БҚО-да қаржылық компания қызметінен зардап шеккендерді іздеуде
БҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен қаржы пирамидасын құрған «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының қызметіне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, кәсіпорын тағамдық қоспалар мен басқа да дәрі-дәрмектерін өндіруге инвесторлардан қаражат тартқан. Сондай-ақ өзінен кейін адамдарды алып келген салымшыларға бонус төлеу уәде етілген.
Айта кету керек, «Chia Tai Tianqing» Қазақстан аумағында заңды тұлға ретінде тіркелмеген.
Бұл компания, кәсіпкерлік қызметке тартылған қаражатты пайдаланбай, осы активтерді қайта бөлу және кейбір қатысушыларды басқалардың жарналары есебінен байыту арқылы жеке тұлғалардан 541 млн. теңгеден астам көлемде ақша тартудан кіріс алу бойынша іс-шаралар ұйымдастырған.
Қазіргі уақытта іс бойынша кешенді шаралар өткізілуде, Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің және немесе облыстың ішкі істер органдарының тәірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды.
«Егер Сіз «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының заңсыз қызметінің құрбаны болсаңыз, (аудандық, қалалық) жергілікті ішкі істер органдарына немесе Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тікелей немесе +7 (7112) 53-84-27 телефоны арқылы хабарласуыңыз сұралады»,- делінген хабарламада.
Қаржы мониторингі агенттігінің 17 аумақтық департаменті қаржылық пирамиданы құру және басқару фактісі бойынша 17 қылмыстық істі тергеп жатыр. Олар 2022 жылдың шілдесінен бері жұмыс істеп келеді және фармацевтикалық зауыт құрылысына инвестиция салу, сондай-ақ тағамдық қоспалар мен басқа да дәрі-дәрмектерді дамытуға инвестиция салу желеуімен инвесторлардан қаражат тартып келген.
Болжам бойынша, қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының аумағынан шығып кеткен Қытай азаматы. Салымшыларға қаражаттың қабылданғанын растайтын құжаттар ұсынылмаған, келісім-шарт жасалмаған. Компанияның жұмысы жасырылған, Қытайдың белгілі «Chia Tai Tianqing» компаниясының логотипі қолданылған, ал олардың қытайлық компанияның қызметіне ешқандай қатысы жоқ.