БҚО-да А вирустық гепатитінің 15 жағдайы тіркелген
Оның үшеуі – балалар.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпараты бойынша, өңірде жыл басынан бері А вирустық гепатитінің 15 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 3 жағдай. Анықталған жағдайлардың барлығында да науқастар – А вирустық гепатитіне қарсы екпе алмаған адамдар.
Вирустық гепатиттер – әртүрлі вирустардан туындайтын жұқпалы аурулардың үлкен тобы. Гепатиттердің ішінде А вирустық гепатиті жиі кездеседі. Инфекция көзі ауру адам болып табылады. Бұрын ауырмаған және А вирустық гепатитіне қарсы егілмеген кез келген адам бұл ауруға шалдығуы мүмкін.
А гепатитінің кез келген түрімен ауыратын науқас айналасындағылар үшін инфекция көзі болып табылады. Сырқат адам аурудың клиникалық белгілері пайда болғанға дейін бірнеше күн бұрын айналасындағыларға қауіпті болады. Айналасындағыларға гепатиттің сарғаю белгісі жоқ (симптомсыз) түрімен ауыратын науқастар қауіпті, өйткені оларда аурудың клиникалық белгілері көзге көрінбегенімен, сыртқы ортаға вирус бөліп шығарады. Вирус адам ағзасына тамақтану кезінде лас қолдар арқылы, сондай-ақ вируспен ластанған тамақ өнімдері және су арқылы енеді.
А гепатитінің инкубациялық кезеңі шамамен 30-50 күнді құрайды. Симптомдары: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, диарея, жүрек айну, зәрдің қараюы және тері мен көз белоктарының сарғаюы.
А гепатитінің алдын алудың тиімді тәсілі – профилактикалық екпе күнтізбесіне енгізілген вакцинациялау. Вакцинация 2 жастан бастап жүргізіледі, иммундау курсы 6 ай аралығымен 2 екпеден тұрады.
Сонымен бірге, А гепатитінің алдын алу үшін келесі қарапайым гигиена қағидаларын сақтау қажет:
– дәретханаға барғаннан кейін және тамақтанар алдында қолды жуу;
– су ішу үшін бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану;
– көкөністер мен жемістерді мұқият жуу.