ҰБТ-2023: оқуға түсу үшін қанша балл жинау керек
Ұлттық тестілеу орталығы 2023-2024 оқу жылына отандық жоғары оқу орындардарына түсуге арналған ҰБТ-ның шекті балдарын жариялады.

Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу үшін 2023-2024 оқу жылына ҰБТ-ның шекті балдары бекітілді. Шекті балл туралы ақпаратты Ұлттық тестілеу орталығы жариялады.
Кейбір бағыттар бойынша оқуға түсу үшін 100 және одан көп балл жинау қажет.
- «Стоматология» бағыты бойынша кемінде 130 балл жинау керек;
- «Фармация» – 120 баллдан кем емес;
- басқа медициналық бағыттар бойынша – кем дегенде 100 балл;
- «Құқық» және «Педагогика ғылымдары» бағыттары бойынша – кем дегенде 75 балл;
- «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» – кем дегенде 70 балл;
- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кем дегенде 60 балл;
- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кем дегенде 65 балл;
- басқа жоғары оқу орындарына – кем дегенде 50 балл.
Жоғары оқу орындары оқуға түсу үшін бұдан да жоғары шекті балл белгілей алады.
Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап академиялық еркіндік шеңберінде ЖОО-лар ақылы негізде де, грант бойынша да оқуға қабылдау үшін ҰБТ-ның өз шекті балдарын белгілеуге құқылы.
«Мысалы, бір түлек математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді деп алайық. Ол ҰБТ-да жинаған 80 балымен грант конкурсына немесе ЕҰУ-дың ақылы бөліміне тапсырғысы келеді. Сіздер білетіндей, «Педагогикалық ғылымдарға» шекті балл – кемінде 75 балл, ал ұлттық жоғары оқу орындарына – кемінде 65 балл. Түлектің жинаған балы оқуға қабылдау үшін жетіп тұр. Алайда, бұл университеттегі оның оқығысы келетін мамандыққа шекті балл 90-нан басталады. Демек, түлекке 80-нен төмен шекті балдары бар басқа университетті іздеу керек. Сондықтан оқуға құжаттарды тапсырар алдында талапкерлер жоғары оқу орындарының шекті балдарын білуі тиіс», – деді ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізімі жақын уақытта жарияланатын болады.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ: ҰБТ-2023: биылғы сынақтың негізгі өзгерістері қандай
20 желтоқсанда 2023 жылғы алғашқы ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдана бастайды