«14 адамнан айырылып қалдық, бұл сізге ойыншық па?» – Абай облысының әкімі сөгіс алды
Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек. Он төрт адамнан айырылып қалдық.
Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек. Иә, мен көңіл айттым. Бірақ адамдарға нақты көмек көрсетілуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент өңірдегі аухал туралы баяндай бастаған вице-министрдің сөзін бөліп, оған нақты сұрақтар қойды.
«Мен қызметінен босатқан министр өзінің тікелей қызметтік міндетін орындауға неге мүлдем немқұрайлы қарайды?! 14 адам қаза тапты. Сіз осыны түсінесіз бе? Мен олардың отбасыларымен кездестім. Бұл азаматтар өз отбасының перзенттері, отағасы болатын. Бір отбасында екі жасар бала жетім қалды. Адамдардың артында несиелері қалды. Олар отбасының жалғыз асыраушысы еді. Өрт бүкіл әлемде болады, бірақ ол жақта тиісті шаралар қабылданады. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген қандай қарым-қатынас?! Осы жөнінде есеп беріңіз! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды?», – деді Тоқаев.
Осыдан кейін Марат Күлдіков қайтадан баяндамасына көшкенде Тоқаев баяндаманы тоқтатуды сұрап тыйып тастады. Оның сөзінше, вице-министр ешқандай пайдасыз, өзекті емес ақпаратты айтқан.
Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған министр Cырым Шәріпхановқа ведомствоны қызметін кәсіби атқара алмайтындардан тазарту туралы тапсырма берді.