Астанадағы Kaspi bank бөлімшесіндегі жағдай: оқиғаның мән-жайы
18 маусымда қаруы бар ер адам Kaspi bank бөлімшесінде тұрғындарды кепілге алған. Оқиғаның мән-жайы белгілі болды.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ер адам шамамен 30 жаста. Оның тапаншасы бар. Ол Kaspi-дің барлық активін мүгедек балаларға, кедейлер мен мұқтаждарға арналған қорға аударуды талап етіп отыр.
Ер адам талабын орындауға 3 сағат уақыт беріп, кепілге алынғандарды «өлтіремін» деп қорқытқан. Кепілге алынғандардың арасында 7 қыз бен бір күзетші бар екені айтылды.
Сонымен бірге банк ғимараты орналасқан үйдің тұрғындары эвакуацияланғаны хабарланды, бұған қоса, оқиға орнына арнайы жасақ жеткен.
Банктің баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, қазіргі уақытта бөлімшеде банк қызметкерлері ғана, клиенттер жоқ. Тәртіп сақшылары қызметкерлерді қорқытқан ер адаммен келіссөз жүргізіп жатыр.
Полиция мен банктің барлық күші ешкімнің зардап шекпеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Кез келген ақпаратты таратуға жауапкершілікпен қарауға және құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірмеуді сұраймыз. Кез келген қате ақпарат жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін, – делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі Kaspi bank бөлімшесіндегі жағдайға қатысты түсінік берді.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіби мамандар Каspi bank келушілерін кепілге алған басқыншымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Болжам бойынша ол 7 адамды кепілде ұстап отыр.
Оқиға орнында «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Әскери қызметшілер арнайы операцияға тартылған жоқ.
«Азаматтарды ресми көздерден алынған ақпаратқа сүйенуге, БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз. Тәртіп сақшылары елорда тұрғындарынан сабыр сақтауды және құзыретті органдарға өз жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беруді сұрайды», деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
ІІМ Астанадағы Kaspi bank бөлімшесіндегі кепілге алынған адамдардың босатылғанын хабарлады.
Полиция банк ғимаратына басып кірді. Кепілге алынғандар босатылды.
Расталмаған ақпарат бойынша Астанадағы Kaspi бөлімшесіне шабуыл жасаған ер адам туралы:
Астанадағы Kaspi бөлімшесін басып алған ер адамның есімі Әлихан Мұрадов, 30 жаста.
Ол Жамбыл облысында дүниеге келген.
Банкте шағын несие бар.
2013 жылдан бастап ол наркологиялық есепте.
Ол екі рет әртүрлі қылмыстық істерге күдікті болған.
«Кепілге алынғандар полиция штурмынан кейін босатылды. Барлық қызметкерлер шығарылды. Басып алушы қауіпті емес! Барлығын дәрігерлер тексерді».
Кепілге алынғандар да, басқыншы да зардап шеккен жоқ.
Басқыншымен келіссөзді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жүргізді. Ол сондай-ақ күштік операцияны басқарды.
Дереккөз: zakon.kz